Ұрыс даласынан жеткен хаттар
Бөрлі ауданындағы музей мұрағатында бір шаңырақтың жәдігері ретінде үшбұрышты, сарғайған күйінде бірнеше топтамасы сақталған.
Музейдегі жәдігерлер арасынан көңілге толқыныс орнатып, көзді тоқтатқан құнды дүниелердің бірі майдан даласынан келген үшбу хаттар еді. Майданнан келген хаттар – өмір ырқына бағынбайтын құжат. 70 жылдан аса уақыт өтсе де қызықтыруын, толқытуын тоқтатпай оқылатын бір жапырақ қағаз. Ондағы әрбір сөзде қаншама сыр, елге деген сағыныш бар десеңізші.
Құрғақ арнайы мәліметтер мен репортаждарға қарағанда, кескілескен ұрыс арасында сөздерін жинақтап, сөйлемдерін мәнерлеп, майын тамызбаса да, жанын шүберекке түйіп отырып жазған осы хаттар – майдан алаңында болып жатқан оқиғалардан және хат иесі туралы нақты мәлімет береді. Осы сақталған майдан хаттарының арқасында бізде сұрапыл соғыс жайлы, ондағы өткен әрбір күн жайлы түсінік қалыптасады. Бұл хаттардан барлық ұрыстарда Отанына деген үлкен сүйіспеншілік пен жауларына деген өшпенділіктен басқа өздерінің уайым-қайғысы, қуанышы мен арман-тіліктері бар қарапайым адамдар екенін түсінеміз.
Хаттар сөйлейді...
Бөрлі топырағынан соғысқа аттанған Исмайлов Бекмұқан (суретте) атты қатардағы жауынгердің жарына жазған бір хатында (стилі мен орфографиясы сақталған): «Көркем! Соңғы хатымды 4.11.43 ж. жазғанмын. Оны алған боларсың. Мен аман-есенмін. Қанішер фашистерді қуып барамыз. Әлденеше рет немістің таңдаулы дивизиясы бізден жан сауғалап тым-тырақай қашты. Біз немістермен бір қасық қанымыз қалғанша, ерлікпен шайқасамыз. Дәл қазір біз кішкене аялдап, демалып отырмыз. Тынығып алғаннан кейін жаңа күшімізбен неміс адамжегіштерінің жазасын беретін боламыз. Біздің қасиетті жерімізге басып кірген немістердің әрқайсысының жазасын беріп, уақытша басып алған қалалар мен ауылдарды азат ететіндігімізге уәде береміз. Хатпен бірге 900 сом және квитанциясын салып жіберіп отырмын. Ноябрь айының жалақысын 20 ноябрде аламыз, сонда тағы да ауысқан ақыны салып жіберемін. Хош. Сұрағандарға сәлем айт. Бехмұқан Исмайлов».
Осы жауынгердің тағы бір хатында: «Көркем! Госпиталдан шыққан соң қасыңда боламын деп айтып, бола алмай қалдым. Оған ренжіме. Аман-есен қол-аяғыңды бауырыңа алсаң болғаны. Менің сенен бір тілерім, егер қыз бала болса атын Лена, ер бала болса Демьян қоярсың. Аман-есен елге барып, саған және 4 баламмен саған қосылсам, менен асқан бақытты жан болмас еді. Мен туралы ешнәрсе ойлама. Мен аман боламын.
Көркем! Оралда саттыққа арзандау үй болса көздей жүр. Соғыстан кейін Оралға түбегейлі орналасамыз. Тәтең мен Наушаны Оралға жақын Подстепныйға орналастырамыз.
Хош. Балаларға сәлем. Бекмұқан. 11.12.43 ж.»
Негізінен бұл жауынгердің фотосуреті мен хаттарын қызы әкеп тапсырған екен. Олай деу себебіміз қолхатта: «Бұл менің әкем Исмайлов Бекмұқан 1905 жылы туылған. Мына хаттар әкемнің соңғы жазған хаттары. Себебі әкем 1944 жылы Сталинград түбіндегі шайқаста ауыр жараланып қайтыс болады. Біз әкеден бесеуміз. Бірақ өкінішке орай жалғыз қызы мен қалдым. Әкемнің жарқын бейнесі бала болсам да әлі есімде. Әкем госпитальдан кейін демалыс алып аз күнге келіп кеткен болатын. Ол кезде мен 5 жаста болатынмын» деп келтірген. Өкінішке орай толық аты-жөні көрсетілмеген.
Тағы бір хатқа көз жүгірттік. Бұл хаттың ерекшелігі біз бүгінде «көшеміз бе, көшпейміз бе?» деп жүрген латын қәріпімен жазылған.
«Сағынышты сәлем» деп басталған хатта: «Біз әлі сол фронтта, сол бөлімшеде, сол орындамыз. Қайтадан ұрысқа жіберуді күтіп отырмыз. Жағдайымыз жақсы. Ешнәрседен таршылық көрмейміз. Еліміз киіндірді, тамақтандырды, енді сол Отан алдындағы борышымды өтеу керек. Қас дұшпанды жеңіп, Жеңіспен оралғанша. Барлығына сәлем айт. Тулепкали. 29.09.43 ж.» делінген.
Осы тектес хаттар саны жетерлік. Сиясы кеуіп, қарындаштардың жазуы әрең көрінген хаттар арасынан оқи алғаным осы болды.
Түйін. Қайта-қайта майданнан келген хаттарға үңіле бердім. Қолыңа сарғайған бір жапырақ қағазды алған кезде олардың сол кезде қандай бағалы болғанын түсінгендей боласың. Сарғыш тарта бастаған құнды жәдігерді оқи отырып, көз алдыңа ерiксiз қантөгiс шайқастардан сәл дамылдап үзiлiс кезiнде хат жазып отырған жауынгер бейнесi елестейдi. Елестете отырып, жауынгер сөздерінен көптеген жәйтті танып-білесің. Олар әр сөздері өздерінің жақын адамдарына не айтқысы келгендігін, адамдардың не сезінгендігін білдіреді. Қалай болғанда да шын жүректен жазылған бұл жазбалар біз үшін өшпес мұра. Сол мұрада уақыттың ащы шындығы, қайғы-мұңы, махаббаты мен жеккөрушілігі жатыр. Бір сөзбен айтқанда, үшбұрыштала бүктелген хаттың әрқайсысының өздерінің қайғылы немесе қуанышты тарихы бар. Сондықтан да олар өткен күндерден естелік болып қалмақ.
Сәнім Меңдібай
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz