"Жайдарман" республикалық деңгейден, халықаралық деңгейге шығып, күллі түркі халықтарының сүйікті ойынына айналғалы қашан. Осы орайда 2016 жылғы маусымашарда мектепаралық Жайдарман жеңімпазы болған "Сары бүркіт" командасы биылғы жылы тағы бір мәрте Нұр-Сұлтан қаласында өткен "Маусымашар - 2022" республикалық фестиваліне қатысып, мамыр айында өтетін телевизиялық Жайдарман ойынына жолдама алды.
- Қазақ "Берсең - балаға бер" деп тегін айтпаған. Осы сөзге дәлел - ойынға баруға қолдау білдірген Сырым ауданының мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиеваға, Алғабас ауылының әкімі Өркен Әменовке, аудандық бiлiм беру бөлімінің басшысы Берік Жанболсыновқа алғыс білдіреміз,- дейді команда жетекшісі Нұрболат Жұмағазиев.
Нұрболат биылғы "Балалар" жылында шәкірттерін жүлде алуы үшін емес, ауыл балаларының ел-жер көруіне барын салып жүр. Бүгінгі таңда ауданға ағылып жатырған жас мамандар жеткілікті, алайда, "болам деген баланың бетін қақпай, белін буу" кез-келгеннің қолынан келе бермесі анық. Міндетті түрде қаржылық қолдауды күтеді.
Бірақ, балаларды қуанту үшін, бала көңілін, мерейін өсіре түсу үшін жалақысын, қолында бар қаржысын щәкіртіне салған ұстаздарды көрдіңіз бе? Болған күннің өзінде саусақпен санарлық. Нұрболат солардың бірі де бірегейі.
"Сары бүркіт" командасы алдағы мамыр айында телевизиялық ойынға жолдама алды. Ал қазір Нұр-Сұлтан қаласында Нұрболат "елге аман жеткеннен кейін, балаларға телевизиялық ойынға қолдаушы таба алар ма екем?" деп тақымын қысып келеді.
Ауылға балалар келгенімен, мамыр айындағы ойынға бару мәселесін қайтпекпіз? Жол шығындары мен күнделікті шығындарының өзі аз ақша тұрмайтыны белгілі. "Сары бүркіт" командасы Жайдарманның телевизиялық ойынына қанатын қомдай алар ма екен?
Айжан Бауыржанқызы,
Сырым ауданы,
zhaikpress.kz