Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобаның мемлекеттік бағдарламасы бойынша Жаңақала ауданы Жаңажол ауылдық округіне қарасты Сарыкөл елді мекенінің тұрғыны Сапиев Жанғали Айдынғалиұлы қайтарымсыз грант алып "Дөңгелек жөндеу" кәсібін ашты.
Ауыл игілігіне өзіндік үлес қосатын кәсіптің ашылу салтанатына ауыл әкімі және жергілікті тұрғындар қатысты. Өңір тұрғындары жерлестерінің қуанышына ортақтасса, округ әкімі А.Миразатұлы құттықтау сөз сөйлеп, алдағы жұмысына толағай табыс тіледі. Жаңа кәсіп иесінің жолдасы Айгерім Сапиева да халыққа пайдасы тиер жаңа нысанның ашылғанына дән риза.
- Отағасының бастамасымен үкіметтен 1млн 225мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант алып, ауылымызға қажетті санап, дөңгелек жөндеу ісін қолға алып жатырмыз. Екі баланың ата-анасымыз. Жолдасым Жанғали ІІІ топ мүгедегі, қолы шебер. Дәнекерлеу ісімен де айналысады. Өз қолымен квадроцикл да жасап шығарды. Бастаған ісімізді әрі қарай дамыту жоспарда бар. Бүгінгі шараның ойдағыдай өтуіне үлес қосқан ауыл әкімі А.Миразатұлына, Сарыкөл ауылдық клубының меңгерушісі Р.Әміржанқызына, кітапхана меңгерушісі М.Сержанқызына және де тұрғындарға, көршілерге, жақын-жуықтарға ризашылығымды білдіремін,-дейді А.Бижанқызы.
Биыл өлкемізде қайтарымсыз грант бағдарламасымен кәсіп ашып, шаруасын дөңгелетіп жатқандар қатары көбеюде. «Кәсіп түбі-нәсіп» демекші жасаған еңбектерінің жемісін көріп, еңбекқор жандардың қатары көбейсе деген ниеттеміз.
Нұргүл Дүйсенбаева,
Жаңақала ауданы,
zhaikpress.kz