Жаңақала ауданындағы Сарыкөл ауылында Жастар жылы аясында және қазақтың Ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай қазақ күресінен 2008-2009 және 2010-2011 жылы туған жасөспірімдер арасында аудандық ашық турнир өтті.
Осы ауылдың 1994 жылы туған, 2012 жылы мектеп бітірген түлектері ұйымдастырған турнир жоғары деңгейде өтті. Жарыстың құрметті қонағы аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ж.Есекенов жарысты ұйымдастырушыларға және Абай атындағы мектептің ұжымына алғыс айтып, сыйлық табыс етті.
Жасөспірімдер турниріне Жаңақала, Айдархан, Мәстексай, Қырқопа, Жуалыой, Сарыкөл ауылдарымен қатар көршілес Бөкей Ордасы ауданының Ұялы ауылынан да жас палуандар келіп бағын сынады.
«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дегендей, бұл жарыста сайдың тасындай іріктелген, дайындықтары бекем болған палуандардың бабы келісіп, бағы жанды. Жарыс қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте үздік үштікті Жуалыой командасы түйіндесе, Сарыкөл ІІ орынға, Жаңақала І орынға ие болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен медалдар табыс етілді.
Жүзден астам жас палуан бағын сынаған ашық турнирді ауыл жастары алдағы уақытта да тұрақты ұйымдастырып тұратындықтарын жеткізді.
Жанайдар Болатбекұлы
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер