20.09.2021, 17:18
Оқылды: 54

«Сарықұдық сүзбесі» бренді қалыптаса ма?

Бүгінде Үкіметке сенім артып, алақан жаятын жастарды көріп қынжыласың. Қол-аяғы балғадай азаматтар, қолынан іс келетін қыз-келіншектер жұмыссыз сенделіп жүр. «Ауылдық жерде жұмыс жоқ» деп сылтаурататындар тағы бар. Осындай жандарды, әсіресе aуыл тұрғындарын қолдап, әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту мақсатында бірқатар әлеуметтік жоба іске асуда. Сондай жобаның бірі – «Бір ауыл – бір өнім» атты халықаралық, пилоттық жобасы. Аталмыш жобаның негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту мақсатында ауыл болып бір кәсіпті жандандырып, табыс көзіне айналдыру.

Осыған орай «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Рамиля Сұпығалиевамен тілдестік.

242052509_1183105172099369_1715557478468169053_n

– Еліміздің төрт облысында (Қостанай, Маңғыстау, Жамбыл, БҚО) бастау алып жатқан «Бір ауыл – бір өнім» пилоттық жобасының негізгі мақсаты – ауылдағы жұмыссыздықты азайту екені әмбеге аян. Шындығына келгенде осы жобаны әрі қарай дамытқанда ауылда кәсіп жоқ деген ойдан арылуға болады. Мәселен, Сарықұдық ауылында құрт жасау технологиясы жақсы дамыған. Ал енді осы кәсіптен «Сарықұдық сүзбесі» брендін неге қалыптастырмасқа? Сүзбе жасау технологиясын одан әрі жетілдіріп, ауылда кәсіпті әрі қарай дамыту үшін Дулат пен Әлияның айналасына басқа да ауылдастары жиналып, бірлесе өнім шығару қажет. Әркім өзінің еңбегін алады әрі ұжымдық кәсіп дамиды. Соның нәтижесінде Үкіметтен тиісті қолдауға ие болады. Бұның технологиясын әрі қарай дамыту үшін түрлі ақысыз дәрістер мен оқулар да ұйымдастырылады. Нәтижесінде ауылда нәзік жандылар арқылы кәсіп дамыса, екінші жағынан сол Сарықұдық ауылының кәсіпті дамытудағы еңбегі еленіп, аты алысқа естілетіні сөзсіз.

Ең маңыздысы ауылда жұмыссыздық деңгейі төмендейді. Осы мақсатта Сарықұдық ауылына арнайылап барып, жас отбасы Дулат пен Әлия Ниетқабыловтардың шаңырағында болдым. Бұрын-соңды жазылған Сарықұдық ауылындағы «40 мың құртқа салынған» баспананың иесі Дулатпен жүздестім. Бүгінде жас отбасы қайтарымсыз грант ұтып алып, қаржыға құрал-жабдықтар сатып алған. Аталмыш жобаның тиімділігін таныстырып, құрт өнімін өзге де ауылдастарына үйретіп, Сарықұдық ауылынан сүзбе брендін шығаруға болатынын жеткіздім, – деді Рамиля Сергейқызы.

242095655_1183105118766041_6082030995705556873_n

Міне, іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Рамиля апамыз өзінің қоғамдық жұмысы арқылы ауданымызда кәсібін дамытамын деген нәзік жандыларға кеңес беріп, тәжірибесін олардың бойына дарытуда еш жалықпайды.

Көріп отырғандарыңыздай, ерінбеген жанға жұмыс көп. Ендеше, «Бір ауыл –бір өнім» пилоттық жобасын тиімді пайдаланып, мүмкіндікті жіберіп алмаңыздар, ағайын!

Әсем Болат,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале