30.09.2020, 10:52
Оқылды: 48

Сарып сарсаңға салмасын

Бүгінгі күнде ауыл халқының негізгі тіршілік көзі төрт түлік болып табылады. Төрт түлік тек ауыл халқын асырап қана қоймай, қалалықтарды да азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Қала базарларына бара қалсаңыз, сөрелерде тұрған ет пен сүттен жасалған түрлі өнімдерді көресіз. Адамдар қазіргі күнде экспортпен келген етке ынта танытпайды, керісінше өз өнімдерімізге деген сұраныс күшейе түсуде.

Сарып сарсанга салмасын (3)

Осы тұрғыдан алғанда асырап отырған малдың түрлі індеттен аман болуы – ең маңызды мәселе. Малдың арасында таралатын негізгі індеттің бірі – сарып екенін жақсы білеміз. Сарыпты (бруцеллез) жою үшін осыдан оншақты жыл бұрын Үкімет арнайы бағдарлама да қабылдады. Он жыл бұрын елімізде, соның ішінде ауданда малдың сарыппен ауыру фактілері көп тіркеліп, індеттің алдын алу үшін ветеринария саласы ауқымды жұмыстар атқарды. Бүгінде осы індетке қатысты аудандағы ахуалды білмек ниетте аудандық ветеринариялық станция директорының орынбасары Жасұлан Дүйсеновке жолығып, тілдестік.

– Ауданымызда төрт түлік арасында кездесетін сарыптың алдын алу, оны анықтау мақсатында жоспарлы жұмыстар жүргізіліп келеді, – деп бастады әңгімесін Жасұлан аға.

– Жылдық жоспарға сәйкес жұмыстар жүргіземіз. Ауданымызда аса қауіпті аурулар тіркелген жоқ. Сарыпқа ірі қара, жылқы, қойдан қан аламыз. Бірінші кезең ақпан айынан 1 шілдеге дейін, екінші кезең 1 тамыздан қарашаның 30-ына дейінгі уақыт аралығын қамтиды. Бірінші жартыжылдықта 46900 ірі қарадан қан алынып, 604-і сарыпқа шалдыққаны анықталып, арнайы ет комбинаттарына тапсырылды. 128694 ұсақ малдан (қой) қан алынып, 46 қой сарыпқа шалдыққаны белгілі болды. Қан алу тәртібіне тоқталсақ, қан сарысуын компьютерлік базаға салып, тізімдеп, зертханаға тапсырамыз. 3-5 күн аралығында қан сарысуынан сарып бар-жоғы анықталады. Бекітілген округ мамандарына тізімді беріп, 15 күн ішінде аудандық аумақтық инспекция мамандары нұсқаманы мал иесіне жеткізеді. Нұсқамамен танысқан бойда иесі малды оқшаулап, бөлек ұстайды. Осыдан кейін ауру малды «КамАЗ» автокөлігімен ет өндеу комбинаттарына тасымалдап, комбинатта мал сойылып, салмағына қарай қожайынына қаржы төленеді. Мәселен, сәуір айында Бостандық ауылдық округінен 21, Қайыңды ауылынан 4 ірі қара сарыпқа шалдығып, уақытында комбинатқа тапсырылды. Ауру шыққан мал қоралары дезинфекцияланып, қазір, шүкір, шаруалары алға басуда.

Сарып сарсанга салмасын (2)

Өткен жылдармен салыстырсақ, күні бүгінде 668 ірі қара сарыпқа шалдықса, 2019 жылы – 630, 2018 жылы 1416 бас тіркелген. 49 қой осы аурумен тіркелсе, 2019 жылы – 26, 2018 жылы 197 жандықтан шығып, барлығы да ет комбинаттарына тапсырылды. Ал жылқыда соңғы 3 жылда сарып анықталмаған. Егер бұл ауру адамға жұқса, әсіресе төрт түлік өнімін пайдаланғанда аса қауіпті. Ал сарыпты жұқтырған адамға емделу қиынға түседі, – деп әңгімесін аяқтады.

Мал дәрігерінің сөзіне құлақ түрсек, індетті жоюда біршама жұмыстың атқарылғанын байқаймыз. Айтқандай, сарыпқа шалдыққан малды дер кезінде анықтап, арнайы орынға тапсырып, тиісті профилактикалық шаралар жүргізілсе, бұл аурудың адамдарға жұқпауына септігін тигізеді.

Қазіргі түрлі індеттің өршіп, адамзатқа қауіп төндіріп тұрған кезде қандайма жағдайдың да алдын алу қажет. «Ветеринария адамзатты емдейді» демекші, негізгі байлық көзі саналатын төрт түліктің түрлі індеттен аман болуы үшін мал дәрігерлік талаптарды сақтау, олардың нұсқауына сәйкес егу жұмыстарын уақтылы жүргізу шаруаның міндеті болып қала бермек.

 

Әсем Болат,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале