Жәнібек ауданында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаныңда, ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай облыс бойынша «Nur Otan» партиясы Жәнібек аудандық филиалының бастамасымен «Жақсылық жасаудан жалықпа» атты қайырымдылық шарасы өтті.
Осы орайда аудандық мектептен тыс жұмыстар, балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығы, саз мектебінің ұстаздары мен тәрбиеленушілері қайырымдылық күнін ұйымдастырды. Олар аудандық білім беру, халықты жұмыспен қамту орталығы, әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, ауылдық округ әкімшілігі, «Шұғыла» газетінің редакциясы және халық көп шоғырланатын «Саян+» супермаркетіне барды. Шара барысында мектептен тыс жұмыстар орталығы қолөнер бұйымдарын сатса, Туризм орталығы мен Саз мектебінің тәрбиеленушілері мекеме қызметкерлері мен супермаркеттегі тұтынушыларға концерттік бағдарлама ұсынды.
-Қайырымдылық шарасынан барлығы 59445 теңге көлемінде қаржы жиналды. Сауапты іске атсалысқан барша жерлестерге, 10 мың теңге көлемінде ақша берген «Саян +» супермаркетінің ұжымына алғысымызды білдіреміз. Шара барысында көмекке мұқтаж сәбидің диагнозы мен ақша аударылатын есепшот жазылған парақшалар тараттық. Шара аяқталғаннан кейін де жанашыр жандардан ақша түсу толастаған жоқ. Қаражат елден көмек сұраған науқас бүлдіршін Фатима Асқардың есепшотына аударылды,-дейді балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығы директорының у.м.а Меңдігүл Қуанәлиева.
Ә.Садық,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz