2.11.2024, 12:00
Оқылды: 7

Сәуле Мешітбаева: «Газет – біздің тарих, біздің ортақ үніміз»

Бүгін Теректі ауданына Қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының Журналистер Одағының мүшесі, «Қазақстан дәуірі» газетінің, «Мөлдір бұлақ» балалар жорналының һәм «Ел-ана» қоғамдық-танымдық, әлеуметтік-ақпараттық сайтының бас редакторы Сәуле Мешітбаева келді.

IMG_6596

Сәуле Мешітбайқызы тасқыннан зардап шегіп, Мемлекет басшысының дер кезінде қабылдаған шешімінің арқасында тұрмысын түзеген тұрғындардың бүгінгі жағдайын көрген соң Подстепный ауылының мәдениет үйінде аталмыш ауыл жұртшылығымен жүздесті. Ортадан ауыл мұғалімдері мен жастар табылды.

Жүздесуде орамды ойлар мен толғамды пікірлер айтылды. Қоғам қайраткері алғысөзін бірден ұрпақ тәрбиесіне арнады. Жалпы Сәуле Мешітбаев «Ауыл аманаты – ел аманаты» және «Ауыл – ел бесігі» экспедициясы аясында шалғайдағы елдімекендерді аралап, шаруалар мен кәсіпкерлердің жетістіктерін, мұң-мұқтаждарын Үкіметке жеткізіп жүр.

Қазақтың тамыры ауылда жатқанын естен шығармайтын ол осы уақытқа дейін еліміздің ауылдарына сапарлатты. Мұндағы мақсат – ұлттық құндылықтарға екпін түсіріп, ауылды өркендететін жобаларды нығайта түсу.

– Жастық өмірім ұстаз болудан басталды. Бес перзентіммен Алматыға қоныс аударып, республикалық Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық арнаулы қазақ орта мектебінде жай зертханашы болып, мұғалімнен орынбасарлыққа, одан кейін директор қызметін атқардым. Ұстаз болғаннан шығар, қай салаға барсам да, жауапкершілік арқалай білдім, - деген ол өткен шақтағы жылы естеліктерімен бөлісті.

IMG_6594

Экспедиция шеңберінде ауылдардағы түйткілді мәселелерді жауапты министрлікке дейін жеткізіп, шешілу жолына үңілген ардақты ұстаздың ауыл десе, ет жүрегі елжірейді. Гаджетке жіпсіз байланған бүлдіршіндердің де тағдырына алаңдаулы. Тіпті газет оқымайтын, құйтырқы тапсырмалар берілетін ойындарға елеңдеген ұрпақтың ертеңі не болар екен деп жанын шүберекке түйіп отыр.

Ауылдың аманатынан ұрпақ аманатына ойысқан ойлар көпшіліктің көңілінен орын тапты. Республикамызда 7 мыңдай ауыл болса, бәрінің тірлігі қалыпты ма? Тұрғындарға қолайлы жағдай жасалынған ба? Осы сауалдар төңірегінде жақсылықты сүйіншілеп, кемшін тұстарын жауаптыларға жеткізе білген жоба әлі де жалғасын табуы тиіс.

«Қазақстан дәуірі» газетінің басты ұраны – «Келешек үшін бәріміз жауаптымыз!». Ұранның сөз қалпында қалмай, іс жүзінде жүзеге асып жатқаны қуантты. Бас редактордың жанайқайы, санаға тікелей қатысты жүрек үні осыны аңғартты.

Оны қазақ баспасөзінің тағдыры алаңдатады. Алматыдағы дүңгіршектерде шетелдік газет-жорналдар сұранысқа ие екенін айтып, қазақша ойлап, сөйлейтін ұрпақтың оқымайтындығына ашынды. Сөз соңында Сәуле Мешітбайқызы жиынға қатысушыларды газетке жазылуға шақырды.

Бұл мәжбүрлегендік емес, жанашырлық ниет екенін тап басып айтты. Қарапайым өз баламызды кішкентай кезінде жылы киінуге, құнарлы тамақ ішіп, әдепті болуға күштейміз ғой. Күштемесек, баланые өз бетімен кетері белгілі жайт.

Сол сынды ілім жинап, таным көкжиегін кеңейтуге мәжбүрлеуде тұрған ештеңе жоқ. Қадірлі мейман су тасқынында есеңгіреп қалған тұрғындардың жағдайын түсіне білді.

IMG_6624

–Айналайындар! Газет біздің тарих, біздің ортақ үніміз ғой. Жазылмаймыз десеңіздер де, өз еріктеріңізде. Бірақ ұмытпаңыздаршы, мен қам жегеннен айтамын. Оқу мен телефонға телмірудің арасы жер мен көктей. Оқу әдебін газет арқылы ғана қалыптастыра аламыз, - деді ол өз сөзінде.

IMG_6669

Аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова да ой қосып, баспасөздің мәртебесін биіктетті. Подстепный ауылдық округінің жастар жетекшісі Гүлім Мырзаханова, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жандос Сұңғатов лебіздерін білдірсе, ауыл тұрғыны Ажар Нұралы көңілі толмайтын көптеген мәселені жайып салды. Сәуле Мешітбайқызы аудан басшысына қамшы сыйласа, Әлия Биғазықызы жергілікті суретші Б.Жұмабаевтың «Аманат» картинасын сыйға берді.

Текті өлке Теректі ауданына келген Қоғам қайраткері Сәуле Мешітбаева жазылым науқанында жауапкершілік танытуға шақырды.

77

Саналы ғұмырын баспасөзге арнап келе жатқан ол оқитын ұрпақтың көбейгенін тілейді. Подстепный ауылының тұрғындарымен жүздесу барысында тік тұра сөйлеп, газеттің қоғамнан алар орнын жеткізді.

Сондай-ақ аудандық «Теректі жаңалығы» қазитін парақтап, тұшына оқыды. Тіпті қазиттің бір данасын сөмкесіне салып, «Қазақстан дәуірінің» үш данасын редакция ұжымына сыйлады. Әріптестік байланыстың нығая түсуіне тілектестік білдірді. Ел анасының қолдауына бір жасап қалғанымыз рас. Сәуле Мешітбайқызының көңілінен орын алған аудандық қазит жасай бергей!

Ақтілек Әлібекұлы,

Теректі ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале