2.12.2021, 12:10
Оқылды: 96

Сахнада – «Сергелдең болған серілер»

Өткен аптада Ақжайық аудандық халықтық театр көркемөнерпаздары жазушы Баққожа Мұқайдың «Сергелдең болған серілер» комедиясын көрерменге ұсынды. Аудандық мәдени демалыс орталығының режиссері Арман Шыңғалидың көрерменге тікелей жол тартқан бұл дебюттік қойылымы. Осыған дейін театр ұжымы жас режиссердің бастамасымен спектакльдерді онлайн қойған болатын. Ауылдастар да шынайы рухани азыққа шөлдеп қалғаны ерекше байқалды. Ду қол шапалақ, кейіпкерлердің ойынына деген тамаша ықылас-эмоциялар, ең бастысы халықтың қалың жиналғаны қуантты.

IMG_8917

Енді қойылымға қысқаша тоқтала кетсек. Оқиға негізінен үш жігіт пен бір қыздың арасында өрбиді. Сахна артында телефонмен ғана тілдесетін төртінші жігіт пен «кәрі қыз» – Сайраның құрбысы Айжан ара-тұра ғана бой көрсетеді. Бірі мақтаншақ ақын, бірі жасқаншақ ғалым, енді бірі мансапқор – үш жігіттің бетпердесі қойылым соңында басты кейіпкер қыздың үлкен қызметтегі әкесі қызметінен босаған кезде ашылады.  Шығарма өткен ғасырда жазылса да, өзегін жоғалтпайтын мәселені қаузайды. «Көптеген бойжеткендеріміздің «кәрі қыз» атанып, жігіттерге «сүр бойдақ» деген айдар тағылуы қазіргі заманда күйіп тұр. Мансапқор, жағымпаз, атаққұмар адамдардың да қатары арта түспесе, кемімегені анық.

IMG_8835

Осы көріністі көппен бірге арнайы тамашалаған аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов сахнаға көтеріліп, ауылдастар атынан қойлымды ұсынған ұжымға алғысын айтып, шығармашылық табыс тіледі.

Өз рөлдерін көркем сомдап шыққан мәдени-демалыс орталығының қызметкерлері Қанатқали  Оңғар, Қайсар Биғали, Айнамкөз  Серікқали,  Айсәуле  Жасқайрат, Арман  Шыңғали және Рысбек  Жанайысовтың шеберлігіне тәнті болған көрермен шын ықыласпен қол соқты. Енді бұл пьеса көрерменнің сұрауы бойынша 16 желтоқсанда қайта сахналанады.

Аида Асылбек,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале