16.09.2021, 20:39
Оқылды: 74

Саят – бейбіт күннің батыры

Кейінгі он жылдағы тарихымызға көз жүгіртсек, елімізде бес ірі жарылыс орын алған екен. Соңғысы 2021 жылдың 26 тамызында кешкі уақытта Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімі аумағындағы оқ-дәрі сақталатын қоймадағы жарылыс. Бейбіт күндегі жарылыстан қаза тапқандар саны 15-ке жетті. Бұл – ресми ақпарат көздерінің дерегі. Қаза тапқандар арасында Казталов ауданының тұрғыны болған Саят Жанатұлы да бар.

 00

Саят Әлімбек 1985 жылдың 10 қаңтарында Алматы қаласында дүниеге келген. Үш айлығынан бастап Казталов ауданы Казталов ауылындағы нағашы әжесінің қолында тәрбиеленген. Бала кезден тілалғыш, қайсар мінезді азамат ауылдағы Казталов орта жалпы білім беретін мектебінде оқып, 2002 жылы аталған мектепті тәмамдайды. Сол жылы әскери академияға түсіп, әскери білімін жалғастырған. Жұмыс бабымен Семей, Аягөз қалаларында қызметте болған.

Жарылыс орын алған уақытта майор Саят Әлімбек Отардағы әскери бөлім командирінің орынбасары қызметін атқарып жүрген.

«Тас түскен жеріне ауыр». Бұл қаза тек Саят Жанатұлының отбасының ғана емес, күллі аудан халқының, қазақ елінің қабырғасын қайыстырды.

Марқұм Қапшағайдағы әкесінің жанына жерленгенімен, балалық шағы өткен ауылда нағашы жұрты үш күндік асын беріп, көңіл айтып келушілер қарасы көп болды. Олардың қатарында Саяттың қолына алғаш қалам ұстатып, білімге құштарлығын оятқан ұстазы Гүлжиян Табылдиева да болды. Ұстаз ауыр күрсініп, шәкіртінің бейнесін еске алып, білім ордасындағы тәтті естеліктерін бөлісті.

1

– Саятжан – менің алғашқы шәкірттерімнің бірі еді. Оқуда қатарының алды, талапты, қайсар бала болды. Мектеп табалдырығын аттаған сәтте алғаш қалам ұстатқан ұстазы болсам, мектеп бітірген шағында білім ошағының басшысы ретінде қолына мектеп бітіргені жөнінде куәлік ұстатып едім. Ол ұқыпты, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, қиындыққа мойымайтын. Нағашы әжесінің тәрбиесінде болған Саят мектепке әжесімен бірге келетін. Өзінің бойына біткен қабілеті мен мінезінің арқасында армандаған мамандығының иесі атанды. Білімге деген құштарлығы молтұғын. Үй тапсырмасын орындамай келсе, жаныма келіп, етегімнен тартып: «Апай, кешіріңізші, мен бүгін үй тапсырмасын орындамап едім», - деп құлағыма сыбырлайтын. Өте тәрбиелі, биязы мінезді шәкіртім болды. Келмеске кеткеніне сене алмай тұрмыз. Биылғы Білім күнінде Саяттың жиені алғашқы қоңырау үнін сыңғырлатты. Бұл да бір тағдырдың жазуы шығар, сірә?! - деп еске алды ұстазы.

Бірге оқыған сыныптастары да ұстазының батырдың мінезі жайлы пікірін қуаттады.

– Саятпен бала кезден бірге өсіп, он бір жыл бойы бірге білім алдық. Ол бала кезден қарапайым, жұмысына адал азамат болды. Оның білім ордасын аттағалы армандағы әскери қызметте болу еді. «Отаныма адал қызмет етіп, әскери қызметте болсам» деп жиі айтатын. Досымның қазасы Отанына деген адалдығын айқындайғандай, - дейді досы Руслан Шәріпқалиев.

«Ерлік – табиғат сыйы емес, саналы әскери тәрбиенің жемісі, Отан алдындағы қасиетті парызыңды орындау үшін адамзаттың ең асыл сезімімен жігерленіп, өзіңді саналы түрде қауіп-қатерге бас тігуге мәжбүр етудің нәтижесі». Бұл – қазақтың бағына біткен батыры Бауыржан Момышұлының нақылы.

2

Отбасы мен елінің тыныш ұйқысы, бейбіт ғұмыры үшін қызметте болып, қапыда қаза табуы – батырымыздың ерлігі.

Саят Аллаберген ағасы және Тайба жеңгесімен соңғы әңгімесінде: «Жеңге, ағайын-тумамды, қорадағы төрт түлікті, ауылымның топырағын көрсетші. Ауылымды қатты сағындым. Алла сәтін салса, жуық арада барып қалармын», - депті. Бірақ...

Саят 25 тамыз күні кешкілік уақытта нағашы ағасы мен жеңгесіне хабарласып, ұзақ сөйлескен. Ауылға деген сағынышын, жарқын күлкісі мен әзілін де жеткізген. Бұны Тайба жеңгесі айтты. Балалық мекеніне жетелеген үмітінің ерте өшерін кім білген?..

Саят Жанатұлының нағашы ағасы Аллаберген Бряшев көп сөзге тоқталмай, батырдың досы көп екенін тілге тиек етті.

– Ол бала кезден көпшіл болды. Досы да көп. Әлдекімге қолұшын беруге асық болды. Мектеп бітірген соң осы ауылдағы шаңырақта отау құрды. Кейін Семей, Аягөз, Тараз, Отарда әскери қызметтерде жүретін. Арыстағы жарылыста да болып, Байзақтағы жарылыста қаза тапты. Елі үшін жанын қиған бауырымызды біз де, елі де ешқашан ұмытпайды, - деп күрсінді.

Ауыр күрсіну. Қимастық пен қоштасу. Бұның барлығы батырдың отбасына да, халқына да оңай тиіп отырған жоқ. Батырдың денесі Қапшағайда әкесінің жанында жерленді. Артында аяулы жары, ұл-қыздары қалды. Естелік суреттер де елі үшін туған ердің балалығы мен жастық шағынан сыр шертіп, естелікке айналды. Саяттың есімі Білім күнінде де ұлықталып, жерлестері бір минут үнсіздікпен еске алды. Саят – бейбіт күннің батыры.

 

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале