Халықаралық тас жолдың бойында орналасқан аудан орталығы арқылы аптасына орта есеппен 8 мыңға жуық көлік қатынайды деген ақпарат бар.
Қаншама көлік, қаншама тұлға, небір ұлттар,небір адамдар. Әттең, тілін түсінсе аудан үшін айды аспанға көтерер жаңалықтар өтіп жатыр.
Бүгін Сырым ауданы жастары кезекті ерекше жолаушыны құрметпен шығарып салды.

Ақтау қаласынан Астана қаласына бет алған Бүрлен есімді велосаяхатшы бүгін Сырым даласына табан тіреді. 22 жастағы ару бұл сапарға ата жұртын тану және барған жерлерін әлеуметтік желі арқылы өзгелерге таныстыру мақсатында шыққанын айтты. Оның айтуынша, қандас қаракөз Қытай елінде туып-өскен. Қазіргі таңда Астана қаласының тұрғыны.

— Алдымнан кездескен әр ауылдың тарихы, тіпті бейтаныс әр тастың өзі — сапарымның бір жетістігі, — дейді саяхатшы Бүрлен.

Елге келген қонақты аудан әкімдігі қабылдап, «жол болсын» тілегін білдірді.

Саяхатшы Сырым даласының тарихымен танысып, аудан жұртшылығына алғысын айтты.
Қоңдыкер Елеуов
Сырым ауданы