Бәйтерек ауданының Дариян ауылында аты көпке белгілі сазгер, әсіресе, «И вновь продолжается бой», «Птица счастья», «Старый клён», «Трус не играет в хоккей» сияқты әндердің авторы, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде елімізде тұрған Александра Пахмутованың 90 жылдығына арналған ән кеші өтті.
Аудандық №2 саз мектебінің ұстаздары ұйымдастырған бұл шараға өнерсүйер ағайын көп жиналды. Есімі елге танымал А.Пахмутоваға арналған кеш шымылдығын облыстық филармония әншісі Марат Сарбөпеев сазгердің «Как молоды мы были», «Надежда» әндерімен ашып, көрермен қошеметіне бөленді. Әрі залда отырған ауыл тұрғындары да онымен бірге әнді қосыла шырқап, ерекше бір шаттық құшағында тербелді. Ал Салауат Мұхаметжанов болса, А.Пахмутованың «Герой спорта» әнін орындады.
Сондай-ақ кеш барысында саз мектебінің мұғалімдері Меңсұлу Жұмағазиева сазгердің «Нежность», Н.Добронравованың сөзіне жазылған «Орлята учаться летать», Татьяна Филиппова «Я не могу иначе», «Хорошие девчата» әндерін нақышына келтіре орындаса, саз мектебінің директоры Алла Оторвина әуелеткен «Маленький принц» әні де көрермен көңілін толқытты.
Кеш соңында Дариян ауылдық кәсіподақ ұйымының төрағасы Ұзақбай Ғабдуллин жерлестері атынан қатысушыларға ризашылық білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.
Гүлжан Аязбаева
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер