Ақжайық аудандық мәдени-демалыс орталығында Ақжайық ауданының құрметті азаматы, әнші, әуесқой сазгер, мәдениет саласының ардагері Еділбай Меңдешевтің 80 жасқа толу мерейтойына орай «Өнермен өрілген өмір» атты шығармашылық кеш өтті.
Алдымен сахнаға кеш кейіпкері Еділбай Шоқайұлы көтеріліп, өнер туындыларының тарихымен таныстырып, Сағынғали Сейітовтың сөзіне жазылған «Сізге кәміл сенеміз» әнін орындады. Қазақ және орыс классиктерінің әндерін нақышына келтіре әуелетіп, көрерменнің көңіл төрінен орын таба білген ардагер әншінің бүгінде қалың аудиториясы бар. Және жыл өткен сайын толыға бермек. Әр ақынның өлеңінен өз табиғатына жақынын таңдап, оған әуен жазып, талғамы зор тыңдарманның жүрегіне жол табу қаншалықты қажыр-қайратты талап ететін болса, жерлес сазгер ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтің сөзіне жазған «Сөндірме тек махаббат жұлдызымды» атты әні де, өнерсүйер қауымның зор бағасын алып үлгерген туынды. Өнер кешінде мерейтой иесі өз туындыларымен қатар Абайдың, «Көзімнің қарасы» әні мен Мәриям Жагорқызының «Дудар-айын» шырқап, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Саналы ғұмырының ширек ғасырға жуығын өнерге арнаған сазгердің өкшесін басып, өсіп келе жатқан ізбасарлары да аз емес. Осы кеште де аға буын өнеріне құрмет ретінде аудандық хор ұжымы «Жер ана» әнін орындаса, аудан көркемөнерпаздарының ұжымы Е.Меңдешевтің «Шашу» әнін тыңдарманға тарту етті. Шара соңында аудан әкімінің орынбасары Тілекқабыл Габдушев ардагер өнерпазға ел атынан алғыс айтып, жібек шапан сыйлады.
Айта кету керек, концерттен бір күн бұрын аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов Еділбай Меңдешевпен кездесіп, облыс әкімі Ғали Есқалиевтің атынан алғыс хат табыстап, шапан жапқан.
Рауан Таңатжанұлы
суретті түсірген Азамат Қанапия
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер