18.06.2021, 16:44
Оқылды: 112

Сегіз қырлы, бір сырлы әкім

Мемлекеттік қызметші – халық пен қоғам арасын жалғастырушы алтын көпір. Ал халыққа, жалпы қоғамға сапалы қызмет көрсету – әр азаматтың парызы. Жылдар өткен сайын мемлекеттік қызметшіге деген талап күшейіп, міндет ауқымы артты. Өз халқың үшін қызмет ету – түсіне білгенге зор бақыт. Елбасы Н.Назарбаев: «Біз өзіміздің халықтың қызметшісі екенімізді ұмытпайық. Мансапқорлық көрсетпей, халыққа жақын, әр істе әділ болып, қолдан келгенше түсіндіріп, дұрыс жауап беріп, шығарып салу – басты парызымыз» деген болатын. Бүгінгі күнде мемлекеттік қызметшіге үлкен міндеттер жүктеліп отыр. Оның жұмысы терең білімділік пен іскерлікті ғана емес, үлкен жауапкершілікті де талап етеді. Адам құндылығына қызмет ету қашанда мерейлі екенін ойласақ, өз тағдырын сеніп тапсырып, әр мемлекеттік қызметшінің шеберліктері мен сенім артқан жандардың көңілінен шығу қашанда қиын. Қоғамға ерекше жаңалық әкелген, үлкен өзгерістерге апарар істен бастау алған «100 нақты қадамның» басты алғышарты – кәсіби мемлекеттік аппарат құру. Демек, мемлекеттік аппараттың құрамдас бөлігі болып табылатын ауыл әкімдерінің де елдің даму кезеңінде атқарып жүрген рөлдері ерекше. Жаңа реформаның табысты іске асуына атсалысып жүрген жандардың бірі – бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған Рубежка ауылдық округінің әкімі Асылбек Фазылұлы Кенжин.

 кенжин (5)

Ол – Казталовка ауданының перзенті. Елден білім алған азаматтың өмір баспалдағы сан тарау. Алма Оразбаева атындағы орта мектепті 1986 жылы бітірген Асылбек Фазылұлы сол жылы А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының дене шынықтыру факультетіне түседі. 1987 жылдың қараша айынан бастап, 1989 жылға дейін әскер қатарындағы азаматтық борышын өтеп, елге сержант шенінде оралды. Әскерден соң А.Оразбаева атындағы мектепке әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып қызметке тұрады. Ұстаздықпен қатар бапкерлік қызметті де қатар ұстаған Асылбек Кенжин палуан дайындау ісіне мықтап кіріседі. Әскер қатарынан келгеннен кейін республикалық турнирден екінші орыннан көрінуіне сеп болған жаттықтырушысы, 6 дүркін әлем чемпионы Қазболат Құмашевқа үлкен құрметпен қарайды.

Сөйтіп, 1999 жылға дейін туған ауылында еңбек еткен ол ғасырлар тоғысында отбасымен бірге Дариян ауылына қоныс аударады. Сол жылдан бастап Дариян қазақ мектебіне әскери дайындық мамандығы бойынша қызметке кіріседі. Қанша қиын болса да, 30 жылын спортқа арнаған кейіпкеріміз 2003 жылы боз кілеммен қоштасып, бастаған оқуын да ойдағыдай тәмамдайды.

2011 жылы аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің әдіскері және оқу ісінің меңгерушісі қызметтерін атқарып, 2012 жылдан 2014 жылға дейін спорт мектебінің директоры қызметін абыроймен атқарды.

Ал 2014-2016 жылдары Дариян ауылдық мәдениет үйінің директоры болады. Кейін Раздольный ауылдық округінде әкім болып тағайындалған ол бұл жауапты қызметті 2020 жылға дейін абыроймен атқарады.

Қай істе болмасын халықпен бірлесе білек сыбана жұмысқа кірісетін кейіпкеріміз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген ұстанымда. Сол себепті қандай іс бастаса да елмен ақылдасып, бірлесе шешеді.

кенжин (2) (1)

- Әрдайым «Әкім бол, халқыңа жақын бол!» дегенді ұстанамын. Жұмыс болғасын қиын-қыстау кездер болып тұрады. Түйткілді мәселелердің шешімі табылса, әрине, арқаңнан бір ауыр жүк түскендей қуанасың. Ал керісінше болған жағдайда оңтайлы шешілмей жатқан істі ауыл ақсақалдарымен, аналар кеңесімен, қоғамдық кеңес мүшелерімен бірігіп дұрыс шешім қабылдау жағын қарастырамыз. Өйткені тығырықтан жалғыз шықсаң, абырой, елмен бірге шықсаң, халық алғысын аласың, - дейді А.Кенжин.

Қызметі барысында түрлі адамдармен тілдесіп, қай-қайсысының да тілін таба білетін кейіпкеріміз «Мырзаджан» шаруа қожалығының жетекшісі Рафаэль Амарханян, «Рубцов» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Владимир Рубцовтың дағдыға айналдырған қайырымдылық істерін өткізуге барынша көмек қылған. Олардың игі дәстүрі көпке үлгі екенін айтудан талмайды.

Әкім жұмысы күн сайын қат-қабат келіп жататын құжаттармен қатар бірі идеясын, енді бірі назын айтып келген азаматтарды қабылдаумен, солардың айтқандарын орындаудың жолын іздеумен өтеді. Кездесетін сан түрлі жағдайларды, қауырт жұмыстың қиындығын іскерлік, адамгершілік, ұйымдастырушылық қасиеттердің арқасында ғана жеңуге болады. Кейіпкеріміздің бойында осы қасиеттердің барлығы бар.

 

Гүлжан Аязбаева,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале