Өмір деген – жылғадан аққан су сияқты. Отан үшін соғыс даласында қаза болғандар, хабар-ошарсыз кеткендер қаншама? Қаншама боздақты жер жастандырған, қаншама ошақтың отын сөндірген қан кешу майданын да елге оралғандары да мәңгілік сапарға аттанып жатыр. Оларды ұмытпай еске алу тірілердің парызы...

Ел қорғаған, қол бастаған батырларын, ақылы дария, сөз көсемі қарттарын қадірлеу – қазақтың қанына әлімсақтан сіңген қасиет. Өйткені қазақ халқы шыр айналған дүниенің небір шырғалаңынан батырлары мен данагөйлерінің арқасында аман шығып отырды. Ал батылдық пен ақылдылық сынды қос кие ардагерлердің бойында тоғысады. Заман қанша құбылса да, 9 мамыр – сапы сиреп, санаулысы қалған Екінші Дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің көңілін бір серпілтетін, бүкіл қазақстандықты соларға тағзым еткізетін ұлы мереке. Бүгінде облыс бойынша көзі тірі 11 ардагер бар болса, соның 10-ы орыс, жалғыз қазақ. Ол – Мұса Тұманов. Мен осы майдангер туралы сөз өрбіткелі отырмын. Сұм соғыстың сан азабын көрген жалындаған жас жігіт бүгінде тоқсанның тоғысына келіп отыр.
Мұса Туманов – 1926 жылы 16 желтоқсанда Жаңақала ауданы, Көпжасар ауылына қарасты «Жалтыркөл» деген (кейбір деректерде №9 Саралжын аулдық Кеңесінде дүниеге келген деп берілген.) жерде дүниеге келген. 1936 жылы 4 сыныптық «Жібек» бастауыш мектебінен кейін, «Саралжын» орта мектебінде оқуын жалғастырып, 1942 жылы 7 сыныпты аяқтағаннан кейін, тұрмыстық жағдайына байланысты оқуын тастауға мәжбүр болып, колхоз жұмыстарына араласып, еңбек жолын бастаған. 1944 жылы 18-ге толар-толмастан әскер қатарына шақырылып, Ресейдің Орынбор қаласында 3 ай бойы әскери дайындықтан өткен көп боздақтың бірі. 1945 жылдың қаңтар айында майданға аттанған қатардағы жауынгер 365-ші запастағы атқыштар полкінде және 3-інші Украина майданының 680 атқыштар полк құрамына автоматшы болып ұрысқа кірген. Алғаш рет Польша мен Германия шекарасында 1-ші Беларусия майданы 16 армияның 29 атқыштар дивизиясында болып, 1945 жылдың 2 мамырында Германияның астанасы Берлинды алуға қатысқан. 1950 жылға дейін Беларуссияның Могилев қаласында әскери қызметін жалғастырып, сол жылы мамырдың мамыражай күнінде елге оралды. Кідірместен шілде айында Жаңақала аудандық Обаға қарсы күрес мекемесінде техник-дезинфектор болып жұмысқа орналасып, үздіксіз 36 жыл қызмет атқарып, осы саладан 1986 жылы зейнетке шыққан. Майдандағы жауынгерлік ерлігі үшін 2 дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» мерекелік медальдарымен марапатталған. Сондай-ақ, бейбіт өмірдегі еңбекқорлығы үшін «Денсаулық ісінің үздігі», «Социалистік жарыстың жеңімпазы», «Еңбек ардагері», «Лениннің туғанына 100 жыл» сынды медальдар табыс етілген.
1952 жылы жары Болашты түйе арбамен алып қашқан. Болаш әжей де тылда еңбек еткен өжет әрі қайсар әйелдердің бірі болған. Қарапайым ауыр жұмыстарды оңай игеріп, адал нан табу жолында еш жиренбеген жан. 1954 жылы тұңғышы Жүсіпті өмірге келген болса, бүгінде отасқандарына 73 жылдан асқан қарияның 6 қыз, 2 ұлы бар. Қазіргі таңда барлығын оқытып, тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қия қондырып, солардан өрбіген немере-жиендердің қызығына бөленіп отыр. Орал қалалық әкімдігі сұрапыл соғыс жылдары жанкештілік танытқан кешегі жас сарбаз, бүгінгі ардагер-ақсақалды салмақты сыйға бөлеп, 2010 жылы Орал қаласынан (Северо Восток 20 үй, 97 пәтер) 36,9 км2 шаршы аумағында мемлекет тарапынан үй беріліп, 15 жылдан бері көрсетілген мекен-жайда тұрады.

- Мен ата-анамның тұңғышы ретінде жауапкершілік пен өмірдің қиындығын көбірек сезінген адаммын. Әкемнің кешегі елін қорғаған майдангер, һәм бүгінгі ардақты ардагер болып құрметке бөленіп отырғандығы кеудеме мақтаныш сыйлайды. Оның сабырлы, салмақты мінезі балаларының бәрінің бойында бар. Әрбіріміздің мәуелі бәйтеректей жапырақ жайып, үлкен әулетке айналуымыз ата-анамыздың даналығының арқасы деп білеміз. Әкеден алған тәрбиеміздің төресі – адалдық пен адамгершілік, ар-ұят пен имандылық. Сонымен қатар, әке жолын қуып мен және інім обаға қарсы қызмет станциясында жұмыс жасадық. Еңбек ету барысында әке өсиетіне сай кісі ақысын жемеу, ешкімнің ала жібін аттамау басты парызымыз болды. Қазіргі кезде ата-анамыздың жасына жас қосылып, кәрілікке бет алғандары, бүгінде қатарларының сиреп жатырғандығы көңілге қаяу ұялатады. Әйтсе де, ата-анамызға ұзақ ғұмыр мен денсаулық тілейміз. Майдангердің ұрпағы болу біз үшін мақтаныш, - дейді үлкен ұлы Жүсіп.

Сондай-ақ, мерекеге орай ақсақалды құттықтаушылар да, хәлін сұрап бас сұққандар да әлі күнге азаяр емес. Бірі мерекелік сый-сыяпат әкелсе, енді бірі қаржылай көмек көрсетіп жатыр. Соның бірегейі – демеушілердің басын қосып, қала әкімі Мұрат Байменов 5.000.000 теңге ақшалай сертификат табыстаған болатын. Игі іске қолдау білдірген «ТемирТрансСервис» ЖШС, «ALMAKS Kazakstan» ЖШС, «Торговый дом ТТС» ЖШС, «Astana railway services» ЖШС компанилары ұлттық шапан тарту етіп, шынайы ризашылықтарын білдірді.
Иә, ғасырға жуық тағдыры бар қариядан үлгі болар өсиет көп. Бүгінде асыл діңгегімізді ұмытпай, ұлықтау біздің басты міндетіміз. Тек мереке де емес, жай күндерде де оларға құрмет көрсету керектігін жас ұрпақтң санасына сіңіруіміз керек. Әсіресе қоғамдық көлікте орын беру, жиын, концерттер де құрмет көрсету немесе ауласын жинап беру сынды «қолға жұқпайтын» әлеуметтік көмектер көбірек көрсетілсе ардагердің де жаны жадырап, майдан да тер төккеніне қуанар ма еді?!
Ақерке Ғилымхан,
Жаңақала ауданы