26.08.2020, 17:35
Оқылды: 42

  Семейде шыңдалған шыңғырлаулық солдат 

     Қазақ халқының қасіреті мен жан жарасына айналған Семей полигоны КСРО ядролық сынақ полигондарының ішінде аса маңызды стратегиялық обьекті болған. Мұнда жыл сайын 14-18 ядролық сынақ өткізіліп, оның зардабын жергілікті халық тартудай-ақ тартқан. Сол жылдары осы өңірде әскери борышын өтеген жауынгерлердің де денсаулықтарына үлкен нұқсан келген. Соның бірі сол кезде он сегіздегі жас жігіт, Ұрысай ауылының тұрғыны Жарқын Нұров еді.

soldat (1)

1987 жылы әскери қызметке шақырылған ол Жамбыл облысы Қордай ауданына қарасты Отар-2 әскери мекеніндегі сержанттар дайындайтын оқуға түседі. 6 айдан кейін Семей қаласындағы артиллериялық полктің жөндеуші ротасына кіші сержант дәрежесінде әскери қызметке жіберіледі.

– Бір күні рота командирі «Командировкаға барасыңдар» деді. Кешікпей  радиация өтпейтін арнайы вагонмен жолға шықтық. Келген бойда біздерге арнайы киім  беріп, дәрігер тексерді. Содан кейін командир бізге екі сағат жұмыс істейтінімізді, яғни темір қалдықтарын жинайтынымызды айтты. Ал жер асты казармада солдаттарға барлық  жағдай жасалған: бес мезгіл тамақ, спорт зал, жуынатын жер, ол кезде видео, түрлі-түсті теледидар жоқ.

soldat (2)

Жұмыс уақытында үстіміздегі қорғаныш киімді шешуге қатаң тыйым салса да, біздер балалық па, білместік пе бас киімімізді шешіп жүретінбіз. Дәрігерлер күнде тексереді, бір киген киімді қайта кигізбейді. Осылайша 15 күн командировка да өте шықты. Жер астында болған сол 15 күннің зиянын кейін түсіндік қой, – дейді  ол әңгіме арасында.

Жарқын бүгінде туған ауылында ауыл клубының меңгерушісі. Отбасында үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған сүйікті әке, сенімді жар. Жарқын бүгінде Семей жерінде өткен сол күндерді ойласа, жүрегі сыздап кетеді. Айтпақшы, ол Семейде әскери борышын өтеген замандастарының мақсат-мүддесін қорғау мақсатымен ауданда «Ерекше тәуекелді солдаттар» қоғамдық бірлестігін құрып, оған 50 солдаттың басын біріктірді. Солардың уақытымен тиесілі көмектерді алуына, мұқтаждықтарының шешілуіне үлес қосып келеді. Кейіпкеріміз Б.Момышұлының «Батыр шапағаты», «Семей полигонының жабылғанына 25 жыл» медальдарының иегері екенін де айта кетелік.

                                                                                              Гүлшат Ибрагимқызы, 

                                                                                                           Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале