ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ерболат Мұқаев жұмыс сапарымен Сырым ауданына болды. Аудан орталығында әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысқан сенатор «Нұр Отан» партиясы Сырым аудандық филиалының мәжіліс залында жергілікті кәсіпкерлермен жүздесті.
Кездесуді жүргізген Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков өзінің сөзінде аудандағы кәсіпкерлік саласының бүгінгі бағыттары жайлы айтты.
Соңғы 15 жылда мемлекет экономикалық тұрғыда оңалды. Елдің жағдайы жақсарды, сәйкесінше тұрмыстық сұраныстары артты. Осы арқылы әрбір өңірдегі кәсіпкерлік саласы жаңа бағыттарды айқындады. Кәсіпкерлермен болған кездесудегі сөзін осылай бастаған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ерболат Мұқаев назарда тұрған кейбір мәселелерді де атап өтті.
Сырым ауданының кәсіпкерлері депутат мырзаның алдына өздері үшін өзекті болып отырған мәселелерді қойды. Оның біреуі, ауылшаруашылық саласындағы жайылымдық жерлерді пайдалану мәселесі. Қазіргі күні жайылым тарылды. Тарылудың бір себебі - мал басының өскенінде. Осыған байланысты алдағы тұрған бір жұмыс – елді мекендердің иелігіндегі жерді кеңейту. Кеңейту кейбір шаруашылықтардың пайдасындағы жерлер арқылы да жүзеге асырылуы мүмкін. Олай болған жағдайда, үкімет шаруашылықтарға шаруа жүргізуге керекті жерді жаңа жерлерден белгілеп бере алады. Бұл жұмыстардың құжатын рәсімдеу заңды тұлға үшін аз шығын болмайды. Сондықтан бұл жұмыстың шығынын үкіметтің өзінің мойынына алғаны дұрыс сыңайлы. Сенатор осындай пікірде.
Ауылшаруашылығымен айналысатын аудан шаруалары мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие алғаны үшін төленетін мемлекеттік субсидия неліктен тоқтап тұр деген сауалды қойды. Бұл сауал да сенатордың қойын дәптерінің ішіне түртіліп кетті. Нақты жауап кейін берілетін болады.
Қазіргі күні ауылшаруашылығын қаржыландыруға арналған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру орталықтарында өңкей қаржыгерлер, заңгерлер жиналған. Ал, нақты шаруашылықтың жайын біліп, зерделейтін агроном да, зоотехник те жоқ. Кездесуде осы мәселе де сөз болды.
Кездесуді аудан әкімі Абат Шыныбеков қорытындылады.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ
Сырым ауданы