25.04.2023, 17:00
Оқылды: 10

Сессияда өзеткі мәселелер қаралды

Бүгін VIII шақырылған Казталов аудандық мәслихатының кезекті ІІ сессиясы өтті. Сессияға аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім және мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Аудандық мәслихаттың кезекті сессиясында  өзекті мәселелер қаралды.

20230424_150737

Кезекті сессияда депутаттар аудандық мәслихаттың 2023 жылғы 17 қаңтардағы №28-5 «Казталов аудандық жер комиссиясының құрамын бекіту туралы», 2022 жылғы 21 желтоқсандағы №26-2 «2023-2025 жылдарға арналған Казталов ауданының бюджеті туралы», 2018 жылғы 30 наурыздағы №20-7 ««Казталов аудандық мәслихаты аппараты» мемлекеттік мекемесінің «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалау әдістемесін бекіту туралы» шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы шешімдер қабылдады. Сонымен қатар халық қалаулылары аудандық мәслихаттың «Казталов ауданының ауылдық елді мекендеріне жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіп кешен саласындағы мамандарға, ауылдар, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне 2023 жылы тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік несие беру және бір жолғы көтерме жәрдемақы беру туралы» шешім жобасын мақұлдап, аудандық білім беру бөлімі бойынша білім беруді ұйымдастырудағы өзекті және проблемалық мәселелер туралы аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Джангереева мен аудандық мәслихаттың 2021 жылғы 18 ақпандағы №3-3 «Казталов ауданы бойынша 2021-2022 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарын бекіту туралы» шешімінің орындалу барысы жөнінде аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Сағат Нұрмұхамбетовтың есебін тыңдады.

20230424_150635

Сессияда алғаш болып аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Қанапияқызы баяндама жасап, аудандағы білім беру саласында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, оқушылардың жазғы демалыс лагерін ұйымдастыру мәселесіне де тоқталды. Бөлім басшысы өз сөзінде бірқатар білім беру ұйымының құрылысы басталғандығын мәлімдеді.

-Ауданымызда сегіз апатты мектеп, бір үш ауысымды мектеп бар. Қазіргі таңда Көктерек ауылдық округіне қарасты Саралжын ауылында 60 орындық мектеп құрылысы басталды. Бұдан бөлек аудан орталығында Алма Оразбаева атындағы ЖОББМ, Жұлдыз ауылындағы А.Құсайынов атындағы ЖОББМ-ның құрылыс жұмыстары мен Казталов мектеп-лицейінің күрделі жөндеуі жалғасуда. Сонымен қатар Көктерек тоғайының жанынан 100 орындық типтік лагерь салу үшін жұмыстар атқарылуда. Жобалаушы – «Ремстройпроект» ЖШС. Бұдан бөлек Қараөзен ауылына жеке бөбекжай салуға инвестор тартылуда. Қараөзен мектеп-лицейі мен Бірік ЖОББМ-ға интернат салу қажеттілігі туындап отыр. Білім беру саласында күрделі жөндеу жұмыстарына негіз болатын құжаттарды әзірлеу мақсатында 1 015,0 мың теңгеге келісімшарт жасалып, 20 обьект техникалық бақылаудан өткізілді. Нәтижесінде Бірік, Бостандық ортажалпы білім беретін мектептері мен Қараөзен мектеп-лицейі, Ғ.Қараш атындағы мектеп-гимназия, 2 мектепке дейінгі ұйымға жобалық-сметалық құжат жасақтауға 25 132,0 мың теңгеге қажеттілік қалыптасып отыр. Сондай-ақ, Талдыапан ауылындағы «Балбөбек» бөбекжайына жобалық-сметалық құжат жасақталып, сараптамадан оң қорытынды алынды, - деді бөлім басшысы.

Хабарламашы тілге тиек еткен жазғы демалыс лагерлерін ұйымдастыру мәселесіне назар аударған депутат Мәди Меңдешов лагерлердегі бассейн мәселесін реттеп мен балалар демалысының тиімділігін арттыруды ұсынды. Бөлім басшысы халық қалаулысының ұсынысын мақұлдады.

Аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жадыра Сүндетова Казталов ауданының 2023 жылға арналған аудандық бюджетінің нақтылануы жөнінде хабарлама жасады. Аудандық мәслихаттың «Бюджет, экономика және инфрақұрылымды дамыту мәселелері» жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Абылайхан Шакуов аталған мәселеге қатысты ұсынымдар жөнінде хабарлады.

-Сессияның күн тәртібіндегі «Аудандық мәслихаттың 2022 жылғы 21 желтоқсандағы №26-2 «2023-2025 жылдарға арналған Казталов ауданының бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы» мәселе аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында қаралып, талқыланды.

Аудан бюджетін нақтылауға қатысты мәслихат депутаттары тарапынан төмендегідей ұсынымдар берілді:

  • Аудан аумағындағы жол құрылысы жұмыстарының жүру барысына, оның сапасына аса мән беріп, депутаттар тарапынан бірлескен бақылау күшейтілсін, құрылыс жобалары бойынша аяқталған жұмыстарды қабылдау кезінде депутаттардың қатысын қамтамасыз ету;
  • Қошанкөл ауылының ауылішілік жолдарын қайта жаңғыртуға жобалық сметалық құжаттама (әрі қарай – ЖСҚ) жасақтаудың тиімділігін айқындап, қажетті қаражат көзін қарастыру;
  • Көп жүк тиейтін ауыр салмақты жүк автокөліктері республикалық маңызы бар автокөлік жолдарын бұзып, бүлдіруде. Олардың жүрісіне шектеу енгізіп, тиісті шараларын алу құзырлы органдардан сұралсын;
  • Ауданда жобаланған құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстары бойынша жасақталатын ЖСҚ пайдалану мерзімінің өтіп кету фактілері орын алуда. Сондықтан, алдағы кезеңде әзірленетін ЖСҚ мақсатты да нәтижелі болуын зерделеп, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына қол жеткізу;
  • Талдыапан ауылындағы мәдениет үйі нысанын күрделі жөндеуден өткізуге жасақталған ЖСҚ мерзімі осы жылдың қыркүйек айында өтуіне байланысты мәселені толық зерттеп, біржақты шешу (күрделі жөндеуден өткізу немесе шағын ғимарат салу);
  • Жалпақтал ауылындағы мәдениет үйіне алынған музыкалық құрылғыларды (электрондық аспаптарды) іске қосу, білікті маманды тауып, жұмысқа тарту немесе мәдени сала мамандарын арнайы біліктілігін арттыру курстары арқылы оқытып алу туралы.

Аудан бюджетін нақтылауға қатысты тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында депутаттар тарапынан айтылған ұсыныстарды бюджет әкімшілерінің өз қызметтерінде ескеруі қажет деп есептеймін. Ауылдық округ әкімдері, аудандық бөлім басшылары бөлінген бюджет қаржысын мақсатты тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету бағытында жұмыс жасайтын болады деп сенеміз, - деді депутат.

Сессияда көтерілген келесі мәселеде Сағат Асылбекұлы аудан бойынша кейбір ауылдық округтерде жайылым жерлер жетіспейтіндігін атап өтті.

-Ауыл тұрғындарының иеліктеріндегі ауыл шаруашылығы жануарларын мал азығымен қамтамасыз ету мақсатында Жұлдыз, Бостандық, Жас, Қоныс, Бозоба елді мекендерінің жайылымдық жерлері ұлғайтылды. Қазіргі таңда 48 елді мекендердің жалпы жер көлемі 245060,0 га құрайды Аудан бойынша ауылшаруашылық жануарларын жайылымдарда жайып бағу стандартына сәйкес кейбір ауылдық округтерге 286 459,3 га жайылымдық жерлер жетіспейді. Қазақстан Республикасының Жер кодексі «Жерді резервте қалдыру» 49-2 бабы на сәйкес заңын басшылыққа ала отырып Казталов ауданы әкімінің 2023 жылғы 16 ақпандағы №61 «Казталов ауданы бойынша жер учаскелерін қою туралы» қаулысымен ауыл шаруашылығы жануарларын жаю үшін халықтың жайылымдық алқаптарға деген мұқтажын қамтамасыз ету мақсатында ауданның босалқы жерінен 163362,0 га жер учаскесі резервке қойылды, - деді аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы.

Бөлім басшысы аудандық жер комиссиясының құрамына енгізілген өзгерістер жөнінде де хабарлап, жаңа құрамды таныстырды. Бұл мәселеге қатысты депутат Серікбол Қадемов комиссия құрамына Жалпақтал өңірінің азаматтарын да қосу қажетігі жөнінде ұсынысын жеткізді. Халық қалаулысының ұсынысы толық зерделеніп, тиісті шешім қабылданбақ.

Күн тәртібіне сәйкес қаралған мәселелер бойынша аудандық мәслихат аппаратының басшысы Мирлан Құсайыновтың хабарламасы тыңдалып, тиісті шешім қабылданды. Сонымен қатар бұдан бұрын аудандық мәслихаттың қос комиссияның бірлескен отырысында қаралған, «Білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамту мәселелері» жөніндегі тұрақты комиссияның атқарған жұмыстары жөнінде Сәкен Ищановтың хабарламасы да негізге алынып, айтылған ұсыныстарды депутаттар бірауыздан мақұлдады.

Сессияны соңында аудан әкімі Асланбек Сарқұлов сөз алып, бірқатар мәселеге тоқталды.

-Бүгінгі көтерілген мәселелердің барлығы ауданымыздың дамуына ықпал етеді. Қай мәселе болсын біз үшін маңызды. Мәселен, бүгін сөз болған білім саласындағы мәселелердегі білім сапасының 60 пайыздан сәл ғана асуы. Бұл көрсеткішті алдағы уақытта 70 пайызға арттыруымыз керек. Біз оқушыларымызды республикалық олимпиадаларға дайындап, бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруымыз керек. Сонымен қатар жазғы демалыс орындарының да сапасына мән бергеніміз жөн. Білім саласында кенжелеп қалған тағы бір мәселе бар. Ол мектеп оқушыларын еңбекке баулу. Бұл мәселені білім беру бөлімі назарда ұстап, халық қалаулылары аталған мәселенің оң шешімін табуына ықпал етіп, тұрғындар арасында түсіндіру жұмысына септігін тигізуі керек. Білім саласындағы кадр тапшылығы мәселесіне де көңіл бөлгеніміз жөн. Бұл мәселеге қатысты ұсыныстарыңызды күтемін, - деді аудан әкімі.

Аудан әкімі сессияда сөз болған аудандағы бірқатар жобаның жобалық-сметалық құжаттарына бөлінетін қаржы көлеміне қатысты да өз пікірімен бөлісті.

-Бүгін талқыланған мәселелердің қатарында 2022 жылғы 21 желтоқсандағы №26-2 «2023-2025 жылдарға арналған Казталов ауданының бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе де бар. Осы мәселеде жобалық-сметалық құжаттарды дайындауға бөлінген қаржының көлеміне қатысты бірқатар сұрақтар туындап отырғандығынан хабардармын. Жобалық-сметалық құжатты мемлекеттік орган мен жеке тұлға жасауында айырмашылық бар. Бұл қаражаттан үнемделген қаржыны алдағы уақытта басқа да ағымдағы жұмыстардың атқарылуына жұмсаймыз. Түсінемін, 11 депутат та өздерінің сайланған аумағының мәселесін шешуді көздейді. Дегенмен, қаржыны мақсатты жұмсай білген жөн. Қандай да бір мәселеде қабылданған шешім «өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтындай» болуы керек, - деді аудан әкімі.

Асланбек Ахметоллаұлы сессияда сөйлеген сөзінде бөлінген қаржыны мақсатты жұмсау, ауыл шаруашылық саласын дамыту, кәсіпкерлер мен шаруаларды қолдау мәселелеріне де тоқталды. Аудан активіне қандай да бір комиссияның жұмысында мүдделер қақтығысы болмау керектігін, қажет болған жағдайда комиссия құрамын ауыстырып отыруды ескертті. Сөз соңында аудан басшысы халық қалаулылары мен жиынға қатысушыларды бірлікке шақырды.

-Мен ауданда Жалпақтал аумағы тұрғындарының аудан статусын алуға өздерінің ұсыныстарын айтып жүргендігінен хабардармын. Бүгін түске дейін ауданымыздың ардагерлер кеңесінің мүшелерімен кездесіп, бірқатар мәселені талқыладық. Халқымызда «бөлінгенді бөрі жейді» деген мақал бар. Қос ауданның 1997 жылы қосылғандығы мәлім. Сол кездесгі халық саны 42 мыңнан асқан болса, қазіргі уақытта 27 мыңнан астам халқымыз бар. Халықтың санының азаюы мәселесі неде екеніне мән бергеніміз жөн. Халқымыз «Еңбек қылмай ер оңбас, бірлік қылмай ел оңбас» дейді. Барлығымыз ауданның дамуы жолында еңбек етіп, аудан тұрғындарының бірлігін арттыруымыз керек, - деді аудан басшысы.

Аудандық мәслихаттың кезекті ІІ сессиясында бірқатар өзекті мәселе қаралып, шешім қабылданды. Халық қалаулылары да бірқатар мәселені көтеріп, ұсыныстарын жеткізді. Ендігі міндет нақтыланған бюджеттің орындалуын бақылап, көтерген мәселенің шешімін табуға ықпал ету.

Асылбек Нәсіпқали,

 Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале