Биыл жердің көгі аз, дегемен малды ағайын қыстық жемшөп даярлауға бар бұйырғанын орып, қораларына тайлауда. Алдағы қыстың қамы құс ұйқылы малшыларды одан сайын итермелеуде.
Алдағы қысқа Ақжайық ауданы бойынша 132 783 шартты мал басы кіреді, яғни иеліктегі түлікке 241 700 тонна мал азығының қоры дайындалуы қажет. 21 шілдедегі мәлімет бойынша 15 343 тонна шалғы орылды, былтырғы қыстан қалған шөппен қоса есептегенде, 95 497 тонна немесе бұл жоспардың 39,5 %-ы. Орташа өнімділік гектардан 1,9 центнер. Мал азығын дайындауға 154 орақ, 250-ге тарта ауыл шаруашылық техникасы қатыстырылды.
Былтырдан қалған жем-шөпті ескерсек, биыл қыстаққа қажетті шөптің 75-80 пайызын аудан аймағынан даярлауға мүмкіндік бар. Қалған жетіспейтін 20-25 пайызын шөпті көршілес Қаратөбе, Сырым, Шыңғырлау, Тасқала, Бәйтерек аудандарының шаруаларынан сатып алуда. Кейбір қожалықтар шөбі бітік шыққан шаруашылықтармен пайыздық үлеске келісіп, олардың жерлерінен қажет шөп қорын даярлап алуда. Сонымен бірге жем сатып алу жұмыстары да ұйымдастырылуда.
Ақжайық аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімі