14.05.2026, 18:00
Оқылды: 0

Шаһмарданның шәкірттері ел чемпионаттарында топ жарып жүр

Күрес қайрат пен білімді талап етеді. Ал, сабырлық - жеңіс жолындағы ең басты қару. Сабырлылық спортшыдан бұрын бапкерге керек. Себебі, шыбықтай иілген баладан қарағайға қарсы біткен бұтақтай мықты балуан жасау - ұзақ уақыт алатын “зергерлік жұмыс”. Біз сондай “зергердің” бірін танимыз. Ол - Шаһмардан Әміров.

IMG_0708

Шаһмардан - Тоғанас ауылындағы күрес мектебінің түлегі. Алғашқы бапкері - Мұрадым Құзайыров.

Мұрадым ағайы оған дзюдоның басты мақсаты бозкілемде біреуді жеңу емес, өмірде өзіңді жеңу екенін үйретті. 2010 жылы Шаһмардан мектеп бітіріп, Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжге оқуға қабылданды. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болуды қалады.

 

Жас маманның еңбек жолы Орал қаласындағы №4 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде басталды. Қай бапкердің де мұраты -  болашақ чемпионның жүрегіндегі сәулені тұтату. Ол Шаһаңның қолынан келген секілді. Шәкірттері Темірлан Меңдіғалиев пен Батырхан Балғабаев ел чемпионаттарында топ жарды, ал Асылхан Әдиетов Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды.

Қаланың спорт мектебінде табысты еңбек қылған бапкер Шаһмарданның көңілінде бір ой дейміз бе, арман деген дұрыс па, әйтеуір бір зілмауыр салмақ бар-тын. Ол - алтын медальді ауылының баласының мойынына тағу еді.

2022 жылы өзінің балалығы өткен Тоғанас ауылына көшіп келді. Күрес залының шегеленген есігін ашты, шаң басқан бозкілемді жуып, сүртіп, жаттығуды бастап кетті. Сөйтіп, Тоғанас ауылынан А. Шайхиев атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің дзюдо күресінің үйірмесі ашылды.

Міне, төрт жыл болды, Шаһмарданның табанды еңбегі жеміс бере бастағандай.

Ерекшелігі, Шолақаңқаты суының жағасында балуандыққа бейім бұрымдылар көп екен. Былтыр даңқты балуан Оралбек Қожагелдиннің атындағы турнирде Нейля Темірбай + 63 бойынша күміс жүлдегер атанды. Ал, Ақбаян Арманқызы 63 келіде қолаға ие болды.

Сол Ақбаян, Тоғанас ауылынан тұңғыш рет ел чемпионатына қатысты. Бұған дейін облысты бағындырған 57 келілік қыз жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатында екі белдесу өткізіп, зор тәжірибе жинап келді.

IMG_0706

Шаһмардан Әміров төрт жылда залынан төрт спорт шеберіне үміткер спортшы шығарды.

Айзере Әлібекова, Алдияр Владимир самбодан “ҚР спорт шеберлігіне үміткер” нормотивін орындаса, Ақбаян Арманқызы мен Нейля Темірбай - дзюдо күресінің болашақ шеберлері.

В. И. Шубин мектебінің директоры Роза Ихсанова да ауылға білікті бапкердің келгеніне, оқушыларын тәлім мен тәртіпке баулып жатқанына қуанышты. Роза Владимирқызы өзі бастамашы болып,  «Қазақстан халқына» қоры мен «Батыр боламын» қорының серіктестігімен жүзеге асып жатқан ауылдардағы спорт үйірмелерін қолдау жобасына ұсыныс білдіріп, мектептегі күрес залының жаңаша жабдықтатты.

Бекболат Ахметов деген ауыл азаматы қолдау беріп, қор жаңа кілем, жаттығу құрылғыларынан бөлек бапкерге 20 күрес күртесін сыйлаған. Демек, кілемде “Adidas” брендін киген балуандар айқасып жатса, Тоғанастың топжарғандары болуы әбден мүмкін. Шаһмардан Тоғанаста жанұясымен тұрады. Үлкен қызы Феруза - садақшы, спорт мектебінде оқиды. Ешкімге еңбегін бұлдамай, аяулы ауылына арымен қызмет қылуға келген бапкерді елге таныстыруды жөн санадық.

 

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале