Қазіргі таңда білімдінің алға түсіп, бәйгеден озып келетін заманы туды. Жаңартылған білім беру бағдарламасы озық технологиялардың барлық қыр-сырларын білуге жетелейді. Ал қазіргі ұстаздар алдындағы міндет: ғылым мен техниканың даму деңгейіне сәйкес оқушының білімі терең, іскер және ойлауға қабілетті, құзырлы тұлғаны қалыптастыру. Мұндай талапқа сай қызмет істеу үшін ұстаз үздіксіз ізденісте кәсіби білікті болуы тиіс. Ондағы жүргізілген тиімді әдіс-тәсілдер - педагогтардың оқытудың әмбебап үлгісін және тиімді әдістер жүйесін қолданып, оқушыларға тәуелсіз болуға, сыни тұрғыдан ойлауға, оқуға жауапкершілікпен және шығармашылықпен қарауына көмектесетін сыни тұрғыдан ойлауға бағытталған.
Міне, осы аталған дүниелердің барлығын сыйғыза білген 5 «А» сыныбындағы Салтанат Жанғалиқызының қазақ әдебиеті пәнінен өткен жаңа тақырып «Менің атым Қожа» атты ашық сабағында ата-ана ретінде куәсі болдым. Сабақта оқушыға қойылған мақсаты, құрылымы, өту барысы оқушылардың жас ерекшелігіне, тиімділігіне сай алынған. Оқушылардың қызығушылығын ояту мақсатында «Менің атым Қожа» фильмінен үзінді көрсетіліп «Миға шабуыл» әдісі қолданылып, оқушыларға ой салса, тәттілер арқылы топқа бөлініп, әрі қарай «Тәсілдер үшбұрышы» стратегиясы арқылы оқылым мен жазылым дағдыларын оқушыларға ұштастырып, сәйкестендірді. Мұғалім сабақ барысында оқушылардың ақындық өнерлері шыңдау мақсатында, «Буриме» әдісі бойынша берілген ұйқастарға өз ойларынан өлең құрап шығаруға да мүмкіндік бере білді және әр сабақ сайын оқушылардың ақындық қасиеттерін шыңдап жатқаны анық байқалды. Оқушылар өз-өздерін бағалауға төселіп қалған. Оған дәлелел өз сыныптастары арасынан сайланған сарапшы Инабат Ержанқызының бағалауы «Басбармақ», «Смайлик», «Фейерверк» сынды бағалау түрлері арқылы әділ және әр топтың «артық» және «кем» тұстарын айта білу ашық түрде жүзеге асты. Сабақ соңындағы «Кеспе» әдісі бойынша іске асырылған рефлексия оқушылардың білімін анықтап ғана қоймай, білімдерін одан әрі тереңдетіп, жаңа сабақ бойынша саралап, қорытып, нақтылауда сабақты мақсатына жеткізді. Қызымның осы ұстаздың әр сабағына қызығушылығы өте жоғары, үнемі дайындықпен, ізденіспен қатысып жүретінін байқаушы едім. Ал, бүгін соған өзім көз жеткізіп, куәсі болдым. Бұл сабақтың тағы ерекшелігі ата-аналардың сабаққа қатысуы. Алайда балаларымыз бұл туралы білген жоқ. Тосыннан барған сәтте, балаларымызда таңғалыс болып, қобалжығаны рас, бірақ бұл көрініс балаға күш-жігер сыйлады. Нәтижесінде өз білім деңгейін толық көрсетіп, шығармашылғын шыңдап, не білетінін дәлелдей алғаны, кеудемізге қуаныш орнатты.
Жалпы ашық сабақ тиянақты, төрт дағдының қалыптасуымен, техникалық құралдарды қолдануы және оқушылардың белсене қатысуымен сәтті өтті. Бүгінге дейін бұл ұстаздың алдынан бірнеше шәкірттер түлеп ұшқан. Қызымның осындай тәжіриелі ұстаздан білім алып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. «Ұстаз бақыты – озып туған шәкірті» дегендей әлі де Борашева Салтанат Жаңғалиқызының атын әлемге паш ететін талантты да білімді шәкірттері көбейе берсін! - деп, ұстазға шығармашылық пен жетістіктер тілегім келеді.
Ақжібек Ақылбекқызы,
ата-ана
Жаңақала ауданы