27.12.2019, 10:12
Оқылды: 17

Шәкірттерін қырандай баптаған

Дәулет Мұңайтпашевты өңірімізде білмейтін адам кемде-кем шығар. Бар саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесі, соның ішінде спортқа баулуға арнаған абзал азамат бүгінде құрметті демалыста болса да, әлі де білген-түйгенін жас ұрпаққа үйретуден еш жалыққан емес. Ардагер спортшы Ақжайық ауданының Қабыршақты ауылынан спортшылардың бірнеше буынын тәрбиелеп шығарды. Олардың арасында кейін жоғары нәтижелерге қол жеткізген майталмандар да аз емес.

Aqjaiyq daulet

Ардақты ағаның өмірбаянынан сыр шертсек, Дәулет Ишанғалиұлы 1954 жылы 25 желтоқсанда Камен ауданының 2-ші Чижа ауылында дүниеге келіп, балалық шағы Чапаев ауданының Первомай (қазіргі Қабыршақты) ауылында өтті. Мектеп қабырғасынан күрес өнеріне қызығушылығы артып, еркін күрес секциясында жаттыға бастаған. Балғын спортшы облыс, аудан көлеміндегі жарыстарда сан мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Еңбек жолын Бітік орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастаған ол кейін аудандық балалар-жасөспірімдер мектебіне жаттықтырушы болып ауысты. Бірнеше жыл қатарынан аталмыш мектепті басқарды. Шәкірттерін қырандай баптаған ұстаздың мерейі – оның білекті де, жүректі ізбасарлары туған мекен – Қабыршақтының атағын көпке танытты.

Әр салаға басшылық қызметтерге шақырғанымен, «Туған ауылымның балаларын шыңдаймын» деген ұстаздың өз аулына, туған жеріне деген сүйіспеншілігі ардагер ұстаздың 65 жасына орай ұйымдастырылған мазмұнды шараға арқау болды. «Өнегелі тұлға – өмірлік ұстаз» тақырыбында өткен жарқын жүздесуде ағаның өмір жолы, еңбек өнегесі ұлықталып, жас ұрпаққа насихатталды. Оқушылар ардагер ұстазға сан түрлі сұрақтарын жаудырып, әдеби-сазды қошеметін жолдады.

Осыдан соң Д.Мұңайтпашевтың құрметіне 2005-2006, 2007-2008, 2009 жылы туған және одан кіші жастағы жасөспірімдер арасында үстел теннисінен командалық және жекелей аудандық турнир өтілді. Турнирге Қаршы, Алғабас, М.Әуезов атындағы мектептің, М.Өтемісов атындағы мектеп командалары және Бітік мектеп-бөбекжайының 3 командасы қатысты.

Турнирдің ашылу салтанатында әріптестері атынан  мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Саясат Бимағанбетов мерейтой иесін құттықтап, сый-сияпатын табыстады. Ауыл әкімі Тілек Кәкенов ардагердің иығына шапан жауып құрметтеді.

Турнир қорытындысында 2009 жылы туған және одан кіші жасөспірімдер арасында Бітік-2 командасы, 2007-2008 жылғы жасөспірімдер арасында Қаршы ОМ, 2005-2006 жылғы жасөспірімдер арасында Бітік-1 командалары жеңіс тұғырына көтерілді. Ал жекелей есепте Адина Айдынғали, Дана Рахмет (Бітік мектебі), Ділназ Бақтығали, Әлихан Мағжан (М.Әуезов мектебі), Мансур Ізім (Қаршы мектебі) жеңімпаз атанды. Әлия Амирова мен Адина Айдынғали «Үздік ойыншы» аталымымен марапатталды. Турнирге демеушілер тағайындаған Айдынғали Аманғалиев атындағы жүлдеге Ұлболсын Қайыржанова (Бітік мектебі), Абай Омаров атындағы жүлдеге Әнел Молдағали (Қаршы мектебі) ыМұрат Мұханғалиев атындағы жүлдеге Әлихан Амангелді (М.Өтемісов мектебі) ие болды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом, медаль және естелік кәдесыйлармен марапатталды.

Турнирге қатысқан барша командалар мен олардың жетекшілеріне мектеп әкімшілігі атынан алғыс білдіріліп, мерейтой иесінің балалары арнайы сыйлықтарын табыстады. Даулет Ишанғалиұлы ұйымдастырушы мектеп ұжымына, жекелеген азаматтарға ризашылығын білдіріп, алғысын жолдады.

"Жайық таңы" ақпарат

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagr am-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале