27.07.2020, 11:13
Оқылды: 122

Шалғай ауылдың шалқыған тірлігі қайда?

Кең даланы қақ жарып, жайын жолдың шаңын аспанға көтерген көлік жүйткіп келеді. Алған бетіміз - Карпов ауылы. Ауданның ең шетінде орналасқан ауылға барар жолды нақты білмесең, ол жаққа жету мұң. Қажетті бұрылыстан сәл ассаң, көрші ел аумағына кіріп кетесің. Ал жетпей бұрылсаң айдалада адасуың мүмкін. Қуанышымызға орай көлік тізгіндеген Артур шопырымыз аудан аумағын бес саусағындай білетін жан. Бір-бірінен аумайтын бұрылыстар мен қар суы жиналған сай-саланы айналып өтіп, діттеген жерімізге жеткізді.

8C9BE8D1-8DB6-46FD-8AC9-61FED20A52E5

Сыртынан қараған адамға Карпов ауылы қазақ даласындағы оазистей көрінеді. Елді мекен жанындағы тоған мен оны қоршай өскен тал-терек пен тұмса табиғатқа қараған көз тоймайды. Бірақ бұл алдамшы көрініс. Ішіне енгенде өзіңді бейне бір сталкердей сезінесің. Тек ауылдың әр шетінде жаңа шабылған шөп үйілген бірен-саран аулаға қарап қана бұл жерде тіршілік барына көзің жетеді.

24B7E705-65F6-4C20-9454-8140A250CBCD

Кішкентай ауыл болған соң бейтаныс көліктің кім екенін анықтамақ боп ауыл тұрғыны алдымыздан шықты. Өзін Мәрзия Шевцова деп таныстырған орта жастан асқан апамыз Карповта туып-өсіпті. Айтуынша, бір кездері ауыл мыңғыртып мал айдап, қамбаны астыққа толтырған кеңшар болған. Мәрзия ханымның сөзіне сенбеске амал жоқ. Өйткені ауыл айналасындағы қирап жатқан мал қоралары мен астық жинауға арналған қоймалардың орындары оның сөзін растап тұр. Тек ол жерлерде бір кездегідей еңбек қайнап жатқан жоқ.

622F591B-1107-4279-9EA7-446F9940BC77

-Өткен ғасырда ауылымыз Первосоветск қазіргі Шалғай ауылдық округіне қарасты бөлімше болды. Ол кездері елдің бәрі еңбек ететін, 120-дан астам үй болды. Тоқсаныншы жылдары ауылымыз тоқырай бастады,-дейді Мәрзия апамыз.

Шынымен де, тәуелсіздікке жаңа қол жеткізген кезде елімізде Карпов қана емес, басқа елді мекендер, тіпті үлкен қалалардың өздері тоқырауға ұшыраған еді ғой. Бір кездері үлкен империя саналған елдің қақ ортасында болған ауыл тәуелсіздік алған соң қазақ елінің бір шеті ғана болып қалды. Осы күні ол жаққа келетін адам да аз. Тек шекарашылар күніне бірнеше рет ауыл маңын шолып қана өтеді.

13D07778-2FA7-42F8-87E6-9EE84E646D33

-Ауылымның шарықтаған кезін де, құлдырағанын да көзіммен көрдім. Көшушілердің алғашқы легі сонау тоқсаныншы жылдары басталды. Екі мыңыншы жылдары жалғасты. Біз де көшкіміз келгенімен, мүмкіндік болмады. Қазір мал ұстап, құс бағып күн көріп отқан соң кеткіміз келмейді,- дейді Мәрзия ханым.

58D4F6FE-CF2D-434B-AE39-F20B4CDFCDAB

Карповтағы өмір басқа ауылдардағыдан өзгеше дей алмайсың. Барлығы мал ұстайды. Таңмен тұрып, төрт түлігін өріске, құстарын суға айдайды. Сауылған сүтті тартады, қаймақ былғайды. Шөп үйіп, аула айналасын тазартады тұрғындар. Тек болашағы жоқ ауылдар санатына кірген ол жерде бірде-бір әлеуметтік нысан жоқ. Соңғы болып кітапхана жабылған. Ал мектеп пен дәрігерлік пункттің қашан жұмысын тоқтатқанын ауыл тұрғындары дөп басып айта да алмайды. Ауылдан азық-түлік алатын дүкен де таппайсыз. Көлігі барлар керек-жарағын қапшықтап қаладан немесе аудан орталығы Переметныйдан тасиды.

A6E26A75-816D-48FD-83AC-530D331B8622

-Ұн мен секерді және басқа да қажетті азық-түлікті толтырып аламыз. Ол біздің әдетімізге айналғалы қашан? Қала түгілі аудан орталығынан алыс жатқан біздер үшін тиімдісі сол,- дейді ауыл тұрғындары.

Елді мекенде бір ғана «Необутов» шаруа қожалығы жұмыс жасайды. Еңбек етем деген жан сол қожалыққа жұмысқа тұрады. Ауыл айналасына егін еккен диқанмен тілдеспек болғанымызбен егін орағына кіріскен қожалық басшыларын кездестіре алмадық. Мәрзия апамыздың айтуынша, «Необутов» ШҚ тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етуде екен. Ал округ әкімдігі бақшаға қажет техникалық судың үздіксіз беріліп тұруын қадағалап, қысты күні жолдың қарын тазалайды. Небір қиындықты өз күштерімен жеңіп үйренген карповтықтар осы күніне шүкір айтады.

-Қыста қар құрсауында, көктемде судың қоршауында қалмаймыз. Әкімдік жолды басқан қардан уақтылы тазартып тұрады. Бүгінде Шалғайға дейін жол тартылып жатыр. Бұйырса, аудан орталығы мен Орал қаласына қатынас жеңілдей түседі. Жұмыс іздеп қалаға кеткен балаларымыз да жол ашылса, жиірек келе алар еді,- дейді тұрғындар.

Шекарада орналасқан ауыл болған соң жайылған малдары Ресей бетіне өтіп кететін жайт жиі кездеседі екен. Оның да шешімін тапқан тұрғындар малды кезекпен бағады. Бүгінде ауылда бірде-бір жас жоқ. Соңғы он жылда сәби дүниеге келмеген. Бұл түсінген адамға көп нәрсені аңғартады. Қанша жерден туған жерін қимаса да жастарға жұмыс жоқ ауыл күндердің бір күнінде жер бетінен жойылары анық. Карповтық ағайынның бар сенері қорадағы мал-құсы. Таңның атысы, күннің батысы құс бағып, мал жайып күн кешеді. Оны бақпасқа амал жоқ. Өйткені жалғыз ғана табыс көзі сол.

Ел шетінде қалған кішкентай ғана ауылдың біз байқаған өмірі осы. Біреулер үшін Карпов Қазақстанның жай ғана бір нүктесі. Шынтуайтқа келсек, ондай ауылдар көп, мыңдап санауға болады. Ал тұрғындар үшін ол алтын бесік туған жері. Олар ауылының күн санап құрып бара жатқанына налығанымен, қолдан келер қайран жоғын сезеді. Сонда да маңдай тері сіңген топырағын қимай, елінің ошағын өшірмей отыр. Бір кездері балаға толған оқушысын күткен мектеп пен кеш болса, ауыл ішін думанға бөлеген жастарын күткен клуб жалғызсырағандай ауыл шетінде қасқайып қана тұр. Олар да ауылмен бірге жойылады-ау.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале