13.05.2022, 22:52
Оқылды: 59

Шаруа қожалықтарымен кездесіп, түсінік жұмыстарын жүргізді

Бүгін аудан әкімдігінде Жәнібек ауданы бойынша ауыл шаруашылығы мақсатында жер учаскелерін пайдаланбайтын шаруа қожалықтарымен түсінік жұмыстарын жүргізу бойынша кеңес отырысы өтті.

IMG-20220513-WA0007

Отырысты аудан әкімінің орынбасары Асхат Молдағалиев ашып, жүргізіп отырды. Оған ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары, кәсіпкерлер мен шаруа қожалық иелері қатысты.

Өткен жылдың 24 маусымында ҚР Президенті Қ.Тоқаев ҚР Үкіметіне берілген тапсырмасында «Үкімет пен облыс әкімдері прокуратурамен бірлесіп, игерілмей жатқан жайылымдық жерлерді мемлекеттің арнайы қорына қайтару жұмыстарын бастауы керек. Бұл жұмыс тек мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ғана емес, тұрақты түрде жүргізілуі керек» деген болатын. Осы орайда аудан аумағындағы нысаналы мақсатсыз пайдаланып жатқан ауыл шаруашылық жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару немесе мақсатты игеру жөнінде түсінік жұмыстарын жүргізу үшін БҚО жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Өмірәлиев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Батыс Қазақстан облысының жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Берік Есенғалиев, облыстық жер ресурстарын басқару департаменті жердің пайдалануы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау бөлімінің басшысы Тахир Нұрахметов және БҚО мәслихатының депутаты, «Ауыл» партиясының мүшесі Серік Жарылғапов келді.

- Аудан бойынша былтыр және бұрнағы жылдары мақсатсыз пайдаланып отырған 1152 гектар 3 жер учаскесі аудан қорына кері қайтарылды. Бұл жерлер ағымдағы жылы кері айналымға шығарылатын болады. Биыл ауданда ұтымсыз пайдаланып немесе пайдаланбай отырған 3224 гектар 6 жер учаскесі анықталып отыр. Аталған жер учаскелерін пайдаланушы шаруа қожалықтарымен тиісті жұмыстар атқарылып, жалғасын табады,- деген аудан әкімінің орынбасары Асхат Хамитұлы сөз кезегін облыстан келген басшы-қосшыларға берді.

IMG-20220513-WA0006

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша сөз алған Мұрат Амангелдіұлы кездесудің мақсатын айтып өтіп, талқыланып жатқан ұсыныстарға тоқталды. Мәселен, шаруаларын жаңа бастаған қожалықтарға бөлек конкурс ұйымдастыру немесе жерді бес жылға дейін беру. Сонымен қатар конкурсты электронды түрде өткізу талқылануда.

Жиында түрлі сауалдар қойылып, ұсыныс-пікірлер айтылды.

Отырысты аудан әкімінің орынбасары А.Молдағалиев қорытындылады.

Гүлзара Мәди,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале