20.05.2023, 12:23
Оқылды: 129

«Шаруалар кешенді түрде жұмыс істеп үйренулері тиіс»

Батысқазақстандық шаруалар азық-түлік өнімдерін өндіріп қана қоймай, оларды өңдеуге де мән беруі керек. Сонда агроқұрылымдар тұрақты жұмыс жасайтын болады. Әрі бұл шаруашылыққа да, облыс экономикасына да тиімді. 

IMG-20230520-WA0015

Бұл туралы облыс әкімі Нариман Төреғалиев Бәйтерек ауданындағы бірқатар агроқұрылымдардың жұмыстарымен танысу кезінде мәлімдеді. Рубежен ауылдық округінде орналасқан «Рубеженское» АӨК-тың картоп алқабында болған өңір басшысы облыс тұрғындарын көкөніс өнімдерімен қамту жайы басты назарда екенін айтты. 

IMG-20230520-WA0014

-Қазір біз картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат өнімдерін өндіруге күш салып жатырмыз. Жылына батысқазақстандықтарға 64 мың тонна картоп керек болса, бүгінгі таңда соның 90 пайызы қамтылып отыр. Қажетті 10 мың тонна пияздың 98 пайызы өзімізде өндірілуде. Сәбіз бен қырықабат 50 пайыз шамасында. Мақсатымыз – сырттан келетін көкөніс өнімдерінің осы төрт түрінің көлемін барынша азайту. Қазір облыста 1800 гектар алқапқа картоп егілуде. Енді соны көбейту керек. Сонымен қатар пияз, сәбіз, қырыққабат егістіктерінің де көлемін арттыруымыз қажет. Бұл өнімдерімізді көкөніс қоймаларында сақтау арқылы біз келесі өнім шыққанға дейін олардың бағасын қолжетімді етіп ұстап тұруға мүмкіндік береді,-деді Нариман Төреғалиұлы.

IMG-20230520-WA0006

Айта кетейік, егін, көкөніс, картоп егумен айналысатын «Рубеженское» кооперативі 190 гектарға картоп (қазір соның 130 га – егілді), 20 гектарға көкөніс егуде. Жыл өткен сайын егістік көлемін артырып келеді. Былтыр көкөніс қоймасын салды.

IMG-20230520-WA0011

Көкөніс пен картоп өнімдерін егу және оларды сақтау жайы Январцев ауылында орналасқан «Baystone» ЖШС-ында да жалғасын тапты. Мұнда қазір жалпы сыйымдылығы 12 мың тоннаны құрайтын үш көкөніс қоймасы бар. Картоп, сәбіз секілді өздерінің былтырғы өнімдері әлі де сақтаулы тұр. Биыл 4 мың тонна көкөністі сақтауға мүмкіндік беретін тағы бір қойманың құрылысы басталмақшы. Соңғы үлгідегі технологиялармен қамтылған қоймаларға жоғары бағасын берген өңір басшысы алдағы жылдан бастап көкөніс қоймасын салғандарға берілетін демеуқаржы көлемі кеткен шығынның елу пайызын жабуға жететінін айтты. Серіктестік құрылтайшысы Станислав Качалоның сөзіне қарағанда, қоймаларды қысы-жазы, тәулігіне 24 сағат бойы қажет температурада ұстап тұратын электр қуатына төленетін қаражат көлемі аз емес. Демеуқаржы мөлшерінің өсуі осындай шығындарды айтарлықтай азайтары анық. Жалпы серіктестік мемлекеттік қолдаудың игілігін көріп келе жатыр.

-Облыста 54 көкөніс қоймасы бар, соның 27-сі заманауи технологиялармен жабдықталған. Бізге қуаттылығы 71 мың тоннаны құрайтын көкөніс қоймасы керек болса, қазір соның 83 пайзы қамтылған. Биыл 2, келесі жылы 5-6 көкөніс қоймаларын салу жоспарлануда. Осылайша жаңа көкөніс қоймалары іске қосылып отыратын болса, көп кешікпей бұл мәселе де шешімін табады,-деп атап өтті Нариман Төреғалиұлы.  

IMG-20230520-WA0008

Январцев ауылдық округіндегі  «Ayla Enviro» ЖШС-ы – өңірімізгі «жас шаруашылықтардың» бірі. Қызметін бастағанына бір-екі жылдың жүзі болған шаруашылық былтыр жазда Чехиядан 96 бас семинтал тұқымды ірі қара малын алып келді. Олар төлдеп, қыстан аман-есен шықты. Бірінші бұзаулағаннан кейін бір сиыр шамамен тәулігіне 10 литр сүт беруде. Сүт көлемі аналық мал есейген сайын көбейіп, 25-30 литрге дейін барады деп болжануда. Серіктестік директоры Байзолла Аманғалиевтың айтуынша, биыл олар өндірілген сүтті Дарияндағы «Каварин» ЖК-ға тапсыруда. Келер жылы сүтті өздері өңдеп, өнім шығаруды жоспарлап отыр. «Бұл бастамаңыз өте дұрыс,-деді облыс әкімі.- Бүгінде азық-түлік өнімдерін өндірушімен салыстырғанда, оны өңдеуші көп пайда тауып отыр. Егер өнім өңдеуге мән беретін болсаңыз, кеткен шығындарыңыз ақталып, пайда молаяды. Яғни сіз секілді шаруалар кешенді түрде жұмыс істеп үйренулері тиіс».

IMG-20230520-WA0007

Январцев ауылдық округінде болған кезде өңір басшысы сондай-ақ егін және мал шаруашылықтарымен айналысатын «Перспектива Кан» «Заман» ЖШС-ларында да болып, шаруашылықтарымен танысып, олардың жұмыстарын да жоғары бағалады.

-Мемлекет басшысының біздің алдымызға қойып отырған міндеттерінің бірі - азық-түліктік өнімдерді жергілікті жерде көбірек өндіру, сөйтіп олардың бағаларын барынша қолжетімді жасау. Өздеріңіз білесіз, бізде мал көп. Алайда шаруалар өздері өндірген ет пен сүтті өңдеуге мән бермейді. Егер бұл істерді қолға алса, ол агроқұрылымдарға да, облыс экомикасына да пайдалы болмақ. Өңірімізде негізінен мал шаруашылығы жақсы дамыған. Енді сүт өндірісін жүйелі түрде дамытуға мән беру керек. Облыс халқына жылына 112 мың тонна өңделген сүт керек. Бүгінгі таңда соның 25 пайызы қамтылып отыр. Яғни төрттен үші шетелден, еліміздің өзге өңірлерінен келуде. Біз қазір осынау олқылықтың орын толтыруға күш салудамыз. Сүт өндірісін дамыту үшін биыл облысымызға 6 млрд теңге бөлініп жатыр. Бұл қаржыға 4 тауарлы сүт фермасын құруды жоспарап отырмыз. Соның екеуі – жаңадан салынбақшы. Іске қосылатын сүт фермалары арқылы қосымша 11 мың тонна өңделген сүт алуды көздеудеміз. Сөйтіп жергілікті сүтпен қамтуды 35 пайызға жеткізу ойда бар. Одан бөлек, картоп, көкөніс өнімдерін көптеп өсіру де маңызды. Кеңес заманында облысымызда 55 мың га суармалы жер болды. Қазір соның тек 8 мың гектары пайланылуда. Соған орай кәдеге аспай отырған жерлерді тиімді пайдалану бағытында барлық аудан әкімдеріне тапсырма бердім. Бұл бағыттағы жұмыстар жүріп жатыр. Жалпы, аудандарға барған кезде шаруашылықтарға арнайы соғып, өнімді өндіріп қана қоймай, оны өңдеу, сақтау бағытында ұсыныс-пікірлерімізді айтып жүрміз. Көпшілігі осы мәселелерге түсіністікпен қарап, қолдауда. Бағыттарын өзгертіп жатқандар да бар. Енді, бұл бірден бола қоймайтын іс қой. Оған көп қаражат қажет, жаңа техникалар мен технологиялар алу керек болады. Агроқұрылым өкілдерінің сөздеріне, ыңғайына қарап-ақ бұл бағыттағы жұмысымыз да көп кешікпей жемісін береді деп ойлаймын,-деді БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Нариман Төреғалиев. 

IMG-20230520-WA0009

IMG-20230520-WA0013

Сәкен Мұратұлы,

Бәйтерек ауданы 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале