«Сұлулық – сұмдық күш» деп бірінші кезекте нәзік жандыларға қаратып айтылатыны белгілі. Ал сол арулардың ажарын айшықтап, өңін кіргізіп тұратын шашы десек, артық айтқандық емес. Десе де, «заманына қарай адамы» өзгерді. Қазір бұрымдылардан гөрі келте шашты қыздардың қатары көбейді. Қоғамның талабына сай шаштараздарға да сұраныс артты.
Аудан орталығының өзінде шаш бояйтын, қиятын шаш шеберлері арасында бәсекелестік күшті. Бұл әркімнің талғамы, өз таңдауы. Алайда сәніне сән қосып, бұрымын тобыққа жеткізуді көздеген қыз-келіншектер де ауданда жоқ емес. Солардың бірі күйгенкөлдік 42 жастағы Гүлжадыра Сатанова. Мектепте кітапханашы боп жұмыс жасайтын бұрымды келіншек шашының ұзындығымен ерекшеленеді. Ол қолаң шаштың қасиетіне сенеді. Сондықтан шашын қию ойында жоқ.
- Шашымды тұрмысқа шыққаннан кейін өсірдім. Міне 20 жылда белімнен түсті. Бұрындары өріп жүретінмін. Қазір түйіп қоямын. Өрсем бұрымым ауыр сезіледі. Ұзын шашқа ерекше күтім қажет. Әр адамның шашы өзіндік құрылым мен өзіндік түрге ие. Сусабынды шаш түріне қарай таңдау қажет. Ерте кезден әйел адамның ұзын шашы оның басты сұлулығы болған. Қазіргі уақытта шашына бұрым жасап жүргісі келетін келіншектер мен қыздар аз. Көбіне кішкентай кезінде өсіреді де, бойжеткенде шолт еткізіп қиып тастайды. Шаштың қуаты мен киесі бар екеніне өз басым сенемін, -дейді Гүлжадыра.
Қолаң шашты ұзынкөлдік ару Айнара Нұртаева жылдар бойы шашын қимай, оны өсіру анасының талабы болғанын айтады. Бүгінде 22 жастағы бойжеткен қолаң шаштың қасиетін түсінгенін айтады.
- Анам шашымды қиюға рұқсат бермейтін. Қазір қолаң шаштың қасиетін түсіндім. Шашымды қиғым келмейді. Бұған түрткі болған қазақ қыздарының кинодағы образдары. «Қыз Жібек» фильміндегі Жібектің бұрымының өзі тұнып тұрған тәрбие. Шаш қыздардың сұлу бейнесін одан әрі сұлуландырады. Шашымды 6 жасымнан бастап өсірдім. Өткен жазда шашымның ұзындығы тобығыма дейін өсті. Ұштанып бара жатқанын байқап, тіземе дейін қысқарттым. Бірақ шүкір, қайта өсіп жатыр. Бұл да табиғаттың берген сыйы шығар. Ұзындығын өлшеген жоқпын. Сусабындарды жиі ауыстырамын. Түрлі бальзам жағып, күтуге тырысамын. Алайда қалың әрі ұзын болғасын шашымды жуу қиындық тудырады, - деп күледі бұрымды қыз. Балабақшада музыка пәнінен сабақ беретін жас маманның шашына бүлдіршіндер де таңырқай қарайды екен.
Жәнібек ауылының тұрғыны, мұғалім Жазира Сатыбалдиева да бұрымды келіншектердің қатарында. Жас келіншек те нәзік жандылардың келбетін келісті ететін оның шашы дейді.
- Мен қызыма да, басқа сіңлілеріме де шаштарын өсіруді үгіттемеймін. Әркімнің өз талғамы, таңдауы болады. Бірақ ұзын шашты құп көремін. Сондықтан да ұзын шаштың жақсы жақтарын айтып отырамын. Шашта кие болатыны бағзыдан айтылады ғой. Оған қатысты ырым, нанымдар да жетерлік. Бұрында аналарымыз шашын кеспеген. Ұзын шашты орынсыз кесу қасіретке ұшырауы мүмкін деп пайымдаған. Сол сияқты бір тал шаш түссе кез келген жерге тастамай жинап жүремін. Аса бір ерекше күтім жасамасам да, сапалы сусабындар пайдаланып, боямай, табиғилығын сақтағым келеді, -дейді Жазира.
Оқушы кезінде қыздар бәсекелесіп шаш өсіреді деуге болады. Алайда бойжетіп, студент атанған соң бұрымдарын шорт кесіп тастайтындар көп. Х.Халиуллин атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Дильназ Қанатова қос бұрымым-мақтанышым дейді.
- Біздің мектепте бұрымдылар көп. Шашымды кішкентайымнан өсіремін. Студент әпкемнің де шашы ұзын. Анам шашымызды күтіп ұстауды, оны қимауды талап етеді. Өзімде болашақта шашымды қиғым келмейді. Өйткені бұрымдылар қазір аз, - дейді ол.
Қазақ халқының қылмыс туралы ежелгі заңында шашқа қатысты арнайы баптар болғанын біреуі білсе, енді бірі хабарсыз. Бұзық ойлылар, есерлер әйелдің шашын кесетін болса, әлгі адам қатаң жазаға тартылған, үлкен айып төлеген. Ал енді әйелдер қылмыс жасаса, оларға қолданған жазаның ең ауыр түрі – шашын кесу болған. Мұның бәрі халқымыздың әйелдердің шашын баяғы кезден-ақ қатты бағалаған, қасиетін терең түсінгенін көрсетеді.
Әсемгүл Әбділда,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz