27.08.2021, 14:27
Оқылды: 120

Шаттық сыйлаған шағандық кәсіпкер

Әмбеге аян, әр оқу жылының қарсаңында «Мектепке жол» акциясының өткізілуі дәстүрге айналуда. Биылғы 2021-2022 оқу жылында да аталмыш шара Теректі ауданында да жалғасын тапты. Акция мақсаты – тұрмыс жағынан аз қамтылған және көп балалы отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі балаларға жаңа оқу жылына дайындалуға көмек беру.

11

Жалпы, қайырымдыдық – ең ізгі асыл қасиет. Осындай қасиетті бойына сіңірген жандардың бірі – Самат Ихласов. Ол Шаған мектебінің 2010 жылғы түлегі. Жас болса да өз кәсібін дөңгелетіп, шаһардағы «DS Dental» тіс емдеу орталығына бас болып отыр. Жуырда Самат Әмірханұлы шағандық алты шәкіртке жалпы соммасы 350 000 теңге тұратын мектеп формасын, аяқ киім, спорттық костюм, кроссовка, оқушы сөмкесін оқу-құрал жабдықтарымен қоса сыйға тартқан. Қуанарлық іс.

222

- Мәдениет саласында жұмыс істейтін отбасында 1991 жылы шілде айының 11-і күні дүниеге келдім. Шаған мектебінің табалдырығын бірінші сыныптан бастап аттап, 11 жылдықты осы мектептен тәмамдадым.

2010 жылы «Орал Мақсат»  медициналық колледжіне дантист мамандығына оқуға түсіп,  2013 жылы аяқтадым. Одан әрі Самара мемлекеттік медициналық университетіне құжат тапсырдым. Сол жерде бес жыл білім нәрімен сусындадым. Бұл жерден дантист-стоматолог мамандығын алып шықтым.

Атырау қаласынан еңбек жолымды бастадым.

2016 жылы Оралға келіп, өз кәсібімді жүргіздім. Қазіргі таңда медицина саласы бойынша қос филиалым бар.

Биыл «Мектепке жол» акциясына алғаш рет қатысып отырмын. Жалпы оған дейін де клиника жанынан қор ашқан едім. Белгілі бір мөлшерде қаржы жиналғанда қала ішінде өтетін шараларға қайырымдылық көрсетіп келеміз.  Карантин кезінде ауылға келіп азық-түлік, киім-кешекпен қолұшын созудамыз. Бұл ісіміз одан әрі жалғасын табады деген сенімдемін. Жас болғандықтан жоспарымыз өте көп, - дейді С.Ихласов.

Айтпақшы бұл кейіпкеріміздің 18 жасқа дейінгі балалардың тісін тегін емдеп жүрген жомарттылығы тағы бар. Қашан көрсеңіз де қолұшын созуға әзір жігіттің жақсы қасиетін жерлестері жыр қылып айтудан жалыққан емес әсте. Соның бірі – Мерует Қаржауова.

- «Жүзі жылыдан түңілме» демекші, Саматтың бойындағы қайырымдылықты бірден аңғаруға болады. Қарапайым, кішіпейіл бала.Қазір бәрінде қаржы бар. Алайда оңды-солды құр босқа шашып жүргендер де жетерлік. Самат болса, тапқан қаржысын оқушыларға беруді құп көрген. Оның Жаңаөмір ауылынан  бірінші сыныпқа барғалы отырған қызымызға мектеп киімін, оқу-құралдарын әкеліп бергені мәрттік емей, немене?! Оған алғысымыз шексіз. Жұмысы өрге басып, еңбегі жемісті болсын! - дейді М.Құрманқызы.

 

Айшабибі Мәмет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале