24.07.2026, 17:00
Оқылды: 7

Шаттықтың шуағы шашылған күн 

Тәуелсіздік саябағында аудандық мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен «Шаттық Party» балдырған балалар жобасы аясында көңілге қуаныш, жүрекке шаттық сыйлаған әсерлі кешке үлкенді-кішілі ауыл тұрғындары көптеп жиналды.
image-24-07-26-11-14-1 (1)
Концерт барысында жас өнерпаздардың тартуын тамашалаған қауым, қолдау білдіріп, қошеметін аямады. Жазғы демалыс уақытын тиімді өткізу барысында өткізілген кеш әр жанға күлкі мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бағдарламада әсем әндер, заманауи билер, қызықты ойындар мен флешмоб және балаларға арналған көбікті шоу болды. Сондай-ақ, аудан кәсіпкерлерінің қолдауымен бүлдіршіндерге тегін балмұздақтар таратылды.
Кешті тізгіндеген мәдениет үйінің өнерпазы Анита Қанатқызы басты демеушілерге, яғни аудандық мәслихат депутаты, кәсіпкер Саламат Сертеков пен «Айдар» шаруа қожалығының иесі   Айдар Испембетовке ұйымдастырушылар атынан алғыс білдірді. Айта кетейік, “Шаттық Party” балдырған балалар жобасы аясында бұған дейін де көптеген шаралар оздырылды. Соның бірі - Қали Жантілеуов көшесіндегі ойын алаңындағы «Зымыран балалар» эстафеталық ойындары мен  Достық алаңындағы  «Чемпион болуға қадам» атты ұлттық спорттық ойындар, сондай-ақ мәдени-демалыс орталығы саябағында  музыкалық аспаптармен «Кешкі әуен керуені» атауымен шығармашылық кеш өткен болатын. Мерекелік кеш соңында аспанға ақ көбік көтеріліп, айналаны ерекше әсерге бөлейтін ғажайып сәт туды.
Шараның шарықтау шегі көпшілік асыға күткен ақ бұлттай қалықтаған шоуға біз де куә болдық. Алаң бір сәтте балалардың күлкісіне толды. Олар көбікпен емін-еркін ойнап, кештің қызығын сезінді. Бүлдіршіндермен бірге келген ата-аналар да сол сәттен құр қалмай, қызығушылық танытты. Сахнадан тыс ойын алаңдарында батуттар пен тәттілер тегін тараталып, бір сәтте  саябақ бақыттың мекеніне айналды. Иә, баланың күлкісі – бейбіт қоғамның белгісі. Осындай игі шаралар өскелең ұрпақтың жарқын болашағына шуақ сыйлап, өмірге деген сүйіспеншілікті қалыптастырады. Қуаныш сыйлаған кеш үшін халық ризашылығын білдіруде.
Ақерке Ғилымхан,
Жаңақала ауданы
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале