26.02.2021, 9:59
Оқылды: 67

Шатырдан табылған көмбе

Жуырда Жәнібек ауданының тұрғыны, жергілікті кәсіпкер Есқайыр Елемесов аудан орталығындағы М.Ықсанов атындағы көшедегі дүкенінің қасынан 68 үйді сатып алды. Оның орнына қажет ғимарат салу үшін үйді бұзған кезде көмбеге тап болды. Дәлірек айтсақ, үй шатырынан Ресей патшалығы кезіндегі көп кездесе бермейтін көне, яғни 1898, 1909 және 1917 жылғы ақшалар, сондай-ақ патша заманындағы шыққан жылы белгісіз рубльдер табылды. Кәсіпкер өткеннен қалған естелік, ескінің көзі ретінде жәдігерлерді аудандық музей бөліміне табыстады.

 IMG-20210225-WA0021

- Облыстық мәслихат депутаты, музей жанашыры Есқайыр Кафарұлы ата-бабаларымыз ұстаған көне ақшаларды музейге табыс етті. Бұрын-соңды қорда көне ақшалар болмаған еді. Құнды жәдігерлер музей көрермендерінің қызығушылығын тудыратыны анық, - дейді аудандық музей бөлімінің экскурсоводы Әсел Жәрдемғалиева.

Кәсіпкердің айтуынша, ақшалар өзінің көнелігіне қарамастан жақсы күйде сақталған. Ақшаның жартысы шайдың қалайында болса, қалғаны целлофан пакетінен табылған. Үйдің шатырынан бөлек қабырғаларында да түрлі ведомстволық құжаттар, сол кездегі газеттер шықты.

Бұл ақшалар кімге тиесілі? Бірнеше нұсқа бар. Астрахан желісін өткізгенге дейін Жәнібек стансасының ауданы шөлді дала болды. Содан кейін стансада 250-ден астам үйі бар ауыл, оннан астам дүкен, екі бу диірмені, екі былғары зауыты, базар, шіркеу және мектеп болды. Көп ұзамай, шамамен 1913 жылы оған қалалық типтегі ауыл атағы берілді. Ал 1922 жылы Жәнібек ауданы болып ресми түрде құрылды. Демек, бұзылған үйде сауда-саттықпен айналысқан көпес тұрып, көне ақшалар соған тиесілі болуы мүмкін. Мынадай нұсқа да бар. Аудандық архив бөлімінде шаруашылық кітап 1951 жылдан бастап жүргізілген. Аталған мекенжайда 1951-1955 жылдары 1910 жылы дүниеге келген халықтық судья Харес Лұқпанов, 1955-1957 жылдар аралығында 1904 жылғы Иван Дружинин, ал 1961-1963 жылдары 1915 жылы дүниеге келген Хайретдин Айдашов тұрған. Х.Айдашов аудандық комсомол комитетінің хатшысы, содан кейін аудандық қаржы бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. Сол себепті бұзылған үй соғысқа дейінгі мекеме, ал жоғарыда айтылған ведомстволық құжаттар осы кісіге тиелісі болуы да ғажап емес. Ал, көне ақшалар облигация ретінде сақталды деген болжам бар.

Г.Тілекқабылқызы,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале