Бөкей Ордасы аудандық аумақтық инспекция мен республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының аудандық филиалы мамандары бірлесіп, жыл сайын итальяндық прус шегірткелерінің дернәсіліне бақылау және оған қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын ұйымдастырады.
Биылғы бақылау жүргізілген 350 мың гектар жердің 198,6 мың гектарынан дернәсілдер анықталып, экономикалық зиянды шегінен асқан аймақ 111,085 мың гектарды құрады. Дернәсілдердің бастапқы жандануы 10 мамырда байқалса, жаппай жандануы 22-29 мамырға дейін созылған.
Тіпті, ауа райының жаңбырлы, салқын болуы салдарынан шығар, олардың даму сатысы шілде айына да жетті. Химиялық өңдеу жұмыстарын «Запказфумигация» ЖШС-і жасады. 27 мамырдан 27 маусымға дейін еңбектенген олардың 4 автоқондырғысына әр округтен шығарылған анықтаушылар бағыт-бағдар берді.
Сөйтіп, Бисен ауылдық округінде 15 мың, Т. Масинде 32 мың, Ордада 36,085 мың, Ұялыда 25,3 мың, Мұратсайда 2,7 мың гектар жер өңделді. Желдің күштілігі мен жаңбыр науқан барысына кері әсер ететіндіктен, жұмыс көбіне жел жылдамдығы 5-6 метр секундтан, ауа температурасы 24°С аспаған жағдайда жүргізілді. Соның өзінде шегіртке миграциясы құмнан қырға – Сайқын, Мұратсай ауылдық округтеріне қарасты елді мекендердің кейбіреуіне жетіп қалды.
Дернәсілдермен салыстырғанда ересек шегірткелердің жайылым мен шабындыққа келтірер зияны төмен. Олар бір жерде тұрақтамайды, сонымен қатар шағылысу және тұқым салу кезеңінде қоректенуін азайтады. Тұқым салғаннан кейінгі 4-5 күн аралығында табиғи түрде жойыла бастайды.
Қыр өңірі құмға қарағанда итальяндық прус шегірткелерінің өсіп-өнуіне қолайсыз. Тастаған тұқымдары қатты топыраққа сіңе қоймайды. «Сақтықта қорлық жоқ» деген, келер 2018 жылғы химиялық өндеу жұмыстарына қыр өңірлерін де қосу жоспарлауда.
Мырзабай НҰРҒАЛИЕВ
zhaikpress.kz