28.10.2022, 12:15
Оқылды: 63

"Шешен туған мекеннің Кәкімі едім..."

Бүгін осындай атаумен Сырым ауданында белгілі ақын, Жымпиты айтысының көрнекті өкілі Кәкім Самиховтың 85 жылдығына орай аудандық ақындар айтысы өтті.

L58A1489

Жымпитыдағы "Демалыс орталығы" МКҚК жанындағы Ж.Ерман атындағы айтыс мектебі ұйымдастырған жыр аламанында Санат Кәрімов Мақсат Тұяқ, Абзал Кәримолла, Қоңдыкер Елеуов, Нұрым Амангелді, Ақылбек Бекболатов секілді ақындар бақ сынады.

L58A1379

Айтыстың жаңалығы - Сырым ауылының сахнасында Кәкім Самиховтың немересі Бекарыстың айтыстағы тұсауы кесілді. Республикалық айтыстардың жүлдегері Жарқынбек Шынтаев жас дарынды жетелеп алып шығып, сөз қағыстырып, батасын берді. Айтысты ақын Бауыржан Ширмединұлы жүргізді.

Жетікөл жұрты жырға сусаған, ақындарды сағынған. Сәтті шыққан әр шумаққа қол соғып, қиқулап, өлеңдердің өрнегіне көңіл бояуларын жағып, көркемдеп отырды.

Жұптар арасында Сырым орта мектебінің оқушылары - Сабырғали Назерке, Орынбасар Бағдат, Баянғали Айлиза, Файзолла Ерасыл ақын өлеңдерін оқыды.

Айтысқа Сырым ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Ахметов, ақын, Қ.Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры, ҚР Жазушылар Одағының БҚО филиалы төрағасы Бауыржан Халиолла, ақын, журналист Махмет Қажиахметов, әнші - термеші Мұхамбет Мамықов құрметті қонақ ретінде қатысты.

L58A1504

Ақындарға тең жүлде берілді. Бұдан бөлек, әр айтыскер Самиховтар және Ізтілеуовтар әулеті тағайындаған қаржылай сыйақыға ие болды.

 Б.Шерім,

Сырым ауданы

Суретке түсірген Айжан Амангелдина

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале