22.05.2023, 10:00
Оқылды: 140

Шетелдік сарапшылар өңірімізде

Батыс Қазақстан облысының Оңтүстік аудандарындағы Орал популяциясына жататын ақбөкендер санының жыл санап өсуі сол аумақтың тұрғындары үшін басты мәселеге айналып отыр. Жыл сайын көтеріліп жүрген мәселеге әзірге нүкте қойылған жоқ. Шамадан тыс көбейген киікті реттеу үшін жабайы аңдардың қоныс аударушы түрлерін сақтау туралы Конвенцияның (Бонн конвенциясы, немесе CMS) рұқсаты керек дейді мамандар. Осы ұйымға әлемнің 133 мемлекеті мүше болса, Қазақстан Республикасы да солардың қатарында. Кезінде ақбөкендер популяциясының жойылу қаупі төніп, елімізде дала еркесін қорғауды мықтап қолға алған болатын. Содан бері 10 жылдан астам уақыт өтіп, киік саны күрт көбейді. Көбейіп қана қоймай, киіктің табиғи миграциясы облысымызға қарасты Жаңақала, Бөкей Орда, Жәнібек, Казталов аудандарына қарай өзгерген. Саны көбейген дала малы аталмыш аудандардағы шаруаларға қолайсыздық туғызуда. Киік санын реттеуге қатысты мәселені шешу үшін жыл басында облысымызға шетелдік сарапшылар шақырылған болатын.  Ақбөкендердің өмір сүру ортасын егжей-тегжейлі зерттеп жүрген шетелдік мамандар өңірімізге келіп, жұмыстарын бастап та кетті.

20230521061755_IMG_8202

21 мамыр күні Казталов ауданына табан тіреген шетелдік қонақтар қатарында NABU (Герман табиғатты қорғау бірлестігі) өкілі, сарапшы-ғалым Штефан Михель, Франкфурт зоологиялық қоғамының мүшесі Штеффен Цуттер, Оксфорд университетінің профессоры, киіктерді сақтау альянсының басшысы, академик Э Джей Миллнер-Гулланд, Швед университетінің профессоры Навинда Сингх, ботаник-ғалым Норберт Хёльзел, Ұлыбритания Корольдігі құстарды қорғау ұйымының (RSPB) өкілі Мишель Боуи, CMS өкілі Клара Ноббе болып, киіктерге қатысты мәселені өз көздерімен көрді. Сонымен қатар ауданымызға ҚР Экология және табиғи ресурстары министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Нұрлан Қылышбаев, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстары министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы Асқар Абдрахманов, «ОХОТЗООПРОМ ӨБ» стратегиялық жоспарлау және дамыту бөлімінің басшысы Владимир Кертиев, «ОХОТЗООПРОМ ӨБ» ақпараттық-технологиялық бөлімінің басшысы Мадияр Имашев, «ОХОТЗООПРОМ ӨБ» басшысы Мәрлен Айнабеков, Батыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжанов, «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Табылғали Сапаров және республикалық БАҚ өкілдері келді.

20230521062906_IMG_8215

Киік мәселесін шешуге келген жұмыс тобына «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты мен «ОХОТЗООПРОМ» Батыс өңірлік филиалының қызметкерлері Казталов ауданында молынан шоғырланған ақбөкендердің аумағымен таныстырды. Айта кету керек, Казталов, Жәнібек аудандарында төлдеген киіктер төлдерін өргізіп, көшу үстінде. Ресми деректерге сүйенсек, бір миллионнан асып жығылған киіктер саны құралайдан кейін тағы да 30 пайызға дейін өсетіні анық. Қазіргі күнде Қамыс-Самарға қарай үдере көшкен киіктердің қарасы қалың. Киіктердің бір бөлігі Тасқала ауданына қарай ауып жатқаны да байқалады. Бұрын-соңды мұндай көп киікті көрмеген шетелдік сарапшылар таңданыстарын жасыра алмады. Шетелдік мамандар киіктер шоғырланған жерлерге зерттеу жұмыстарын жүргізді. Сарапшылардың сапары Жәнібек ауданында жалғасып, Жақсыбай ауылында жиналған шаруашылық жетекшілерімен кездесудің сәті түсті. Казталов, Жәнібек, Бөкей Орда аудандарының депутаттары мен шаруа қожалық жетекшілері бас қосқан жиынға Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Ержан Балтаев төрағалық жасады.

Келелі жиында киік мәселесі сөз болып, оның санын реттеуге қатысты ұсыныс пікірлер айтылды. Жиында сөз алған ҚР Экология және табиғи ресурстары министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Нұрлан Қылышбаев аталмыш мәселенің барынша тиімді шешілу керектігін айтса, «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Табылғали Сапаров киіктердің табиғи миграциясына ықпал жасау туралы өз пікірін білдірді. Табылғали Сатқалиұлы киіктердің бұрынғы мекен еткен аралығы Қамыс-Самар көлдеріне қайтару үшін арнайы тұжырымдама жасалғанын жеткізді. Ол үшін Қамыс-Самарға су жеткізу жөнінде жобасын алға тартты.

WhatsApp Image 2023-05-22 at 11.20.59

Жиын барысында шетелдік сарапшылар облысымызда ақбөкендерді сақтау, қорғау жұмыстарының жоғары деңгейде екенін атап өтіп, киік санын реттеу үшін тиісті шешімдер қабылданатынын айтты. Жиында киіктен зардап шеккен шаруалардың да сауалдарына жауап жолдады.

Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары киікке қатысты төрт мәселені атап өтті. Ержан Талғатұлы бірінші кезекте киіктердің ауыл шаруашылық саласына, соның ішінде, жайылымдар мен шабындықтарға келтірген залалы, киік санының артуы болашақта ветеринария саласына да қиындық туғызатынын, табиғи су көздерінің азаюына ықпал ететінін және киік мүйізін яғни, дериваттарды тауып алған немесе тасымалдағаны үшін қылмыстық жауапкершіліктің тым қатаң екеніне ерекше тоқталып, шетелдік мамандарды мәселені оңтайлы шешу үшін дұрыс шешімдер қабылдауға шақырды.

22 мамыр күні киік санын реттеу мәселесі шетел сарапшыларымен бірлесе облыс әкімі қатысатын жиында да талқыланады. Ал нақты шешім ағымдағы жылдың қазан айында Ташкент қаласында өтетін жабайы аңдардың қоныс аударушы түрлерін сақтау туралы Конвенциясы жиынында қабылданбақ.

Қайрат Жақып. 

Казталов ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале