30.05.2018, 17:00
Оқылды: 106

Шежіндік түлектер 1 млн.теңге көлемінде сый жасады

Тасқала ауданы Шежін ауылының 30 жылдық түлектері ауылға ат басын тіреп, балалық шаққа саяхат жасап қайтты. Мектеп оқушыларының салтанатты жиынына қатысқан олар оқу ордасының ішін аралап, өткен-кеткенді еске алды.

Бұл ауылдағы жерлестер форумына аудан әкімінің орынбасары А.Баяндықов пен БҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы А.Дәулетжанов арнайы қатысты. Жас түлектерге үлкен өмірдегі биік белестерді тілеген олар мектептің 30 жылдық түлектеріне ауылға деген құрметтері үшін алғыс білдірді.

-Туған жерге сағыныштарыңды білдіріп келіп жатқандарыңа ризамын. Татулықтарың мен бірліктерің мәңгі болсын. Ел сендер үшін қандай қызмет атқарса, сендер де халық игілігі үшін сондай тер төгулерің қажет. Бұл – әрқайсысының азаматтық, перзенттік борышың,- деді өз сөзінде Амангелді Медхатұлы.

Жиын барысында ауыл түлектері жасаған «Shejinim- жүрегім» ескерткіш жазбасының ашылуы өтті. Ауылға кіре беріс жерге орнатылған конструкцияға барлығы 570 мың теңге қаражат жұмсалған. Сондай-ақ Тасқала-Аққурай тас жолынан ауылға дейінгі 1 шақырымды құрайтын жолдың жартысына жарық шамдарын орнатуды да түлектер мойындарына алған. Алдағы уақытта жүзеге асатын жұмысқа шамамен 500 мың теңгедей қаражат жұмсалады деп жоспарлануда. Сондай-ақ ауылды гүлдендіру және абаттандыру шаралары да жүзеге аспақ.

             Әсем СЕРІК,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале