15.09.2021, 9:28
Оқылды: 118

Штаб отырысы өтті

Теректі ауданы әкімдігінде шегіртке тұқымдас зиянкестермен күрес бойынша  шараларды үйлестіру жөніндегі облыстық штабтың көшпелі отырысы өтті. Отырысқа БҚО аумақтық инспекциясының басшысы, облыстық штаб төрағасының орынбасары Л.Хайретдинов, өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясы бөлімінің басшысы Е.Құрмашев, «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ БҚО филиалының басшысы А.Алдабергенов арнайы қатысты.

шегиртке

Аудандық штаб отырысына аудан әкімінің орынбасары Е.Досмақов төрағалық етіп, аудандық штаб мүшелері мен ауыл шаруашылығы зиянкестерімен күреске қатысы бар мекеме-ұйымдар өкілдері жиналды.

Күн тәртібінде биыл аудан аумағында зиянды шегірткелерге қарсы жүргізілген іс шаралар қаралды.

Сонымен қатар 2022 жылы аса қауіпті зиянды ағзалар мен ауруларға, үйірлі және үйірсіз шегірткелерге және басқа да зиянкестерге жүргізілетін жұмыс жоспары талқыланды.

Айталық, биыл үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық улау жұмыстарының қорытындысы және алда тұрған іс-шаралар жөнінде Теректі аудандық аумақтық инспекциясының басшысы К.Дүйсеналиев есеп берді. «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ Теректі аудандық филиалының басшысы А.Ажимов шегірткелерге және басқа да зиянкестерге жүргізілген мониторингтік жұмыс туралы баяндады.

Аудан бойынша 9,6 мың гектар жерге республикалық бюджет есебінен үйірлі шегірткелерге қарсы жұмыс жүргізу жоспарланған көрінеді. Оның 5,9 мың гектарына химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілген. Алдағы жылы 6,0 мың гектар аумаққа өңдеу жұмыстары жоспарланып отыр.

Экономикалық басымдық ауыл шаруашылығына берілген Теректіде өсімдік зиянкестерімен күрес шарасына немқұрайлы қарауға болмайды. Әсіресе, шегірткелер өсімдік шаруашылығына, егіншілерге шығын тарттырып, еңбегін зая келтіретіні шындық. Сондықтан да зиянкестермен күрес жолдарын пысықтаған штаб мүшелері ауылдық округ әкімдеріне, аймақтық инспекцияға, «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының» аудандық филиалына, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне тапсырмалар берді.

 

Балнұр Қуанышқызы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале