24.02.2023, 10:59
Оқылды: 26

Шұғыл топтар дайындығы пысықталды

Теректі ауданы үшін алдағы қар еруі кезеңі - жауапты кез. Жайық, Барбастау, Қараоба сияқты үлкенді-кішілі өзендер өз алдына, өңірдегі ең үлкен Шалқар көлі де Теректі ауданында. Оған қоса ауылдар мағындағы тоғандар мен су қоймалары бар. Ал Подстепное ауылында қар суы жиналып, тұрғын үйлердің маңын су басуы да болып тұрады. 

IMG-20230224-WA0001

Сондықтан ауданда қызыл судың жүруіне мұқият дайындық жасалады. Мәселен, күні бүгін қолданыста 21 мотопомпа, 2 370 метр өрт сөндіру жеңі бар. Қорда тағы 3 мотопомпа мен 1090 метр жең дайын тұр. Жанар-жағар май, қапшық, құм, кұрал-сайман да дайын. Ауылдық округтер сұранысы бойынша тағы да 14 мотопомпа, 2700 метр өрт сөндіру жеңін сатып алу көзделген.

«2021-2023 жылдарға арналған тасқын суға қарсы тұру іс-шаралары жол картасында» ауданда екі шара қаралған болатын. Оның бірі – жыл сайын көшеде су жиналатын Подстепное ауылында су бұру арналарын салу. Екіншісі – Солянка өзені бойындағы су қоймасын жөндеу.

IMG-20230224-WA0004

Подстепное ауылында бұрыннан 1,5 шақырым су бұру арналары бар екен. Сол арналар бойында тереңдетуді қажет ететін 6 орын анықталды. Алдағы бір-екі аптада бұл жұмыс қолға алынады. Нәтижесінде, ауыл ішіндегі қызыл су Ядовитое су қоймасына қарай кедергісіз кетеді. Қауіптілігі бар 17 нүкте анықталды. Су сорғылары мен техника қойылатын ұтымды тұстар белгіленді.

Солянка су қоймасын күрделі жөндеуге жоба дайындалды. Оны сараптамадан өткізу, бюджеттік тапсырыс беру   биыл жасалады. Жобаның болжамды құны – 354,2 млн теңге.

IMG-20230224-WA0000

Бұл шаралардың барлығы аудан аумағында қызыл судан келер қауіптің алдын алуға бағытталған.

«Жаман айтпай жақсы жоқ» демей ме. Аудандағы төтенше жағдайларға жұмылатын денсаулық сақтау, ішкі істер, электрмен қамту және т.б қызметтердің шұғыл әрекет жасау топтарды да дайындық үстінде. Аудан орталығында сапқа тұрғызылған осындай топтардың дайындығы пысықталды.  Аудан әкімінің орынбасары Амангелді Кәрімұлы әр қызметтің қажетті жарақтармен жабдықталуын тексеріп, қосымша қажет болар құралдар мен техниканы анықтады.

Арнайы жоспар бойынша өзара әрекет жасауға жаттыққан шұғыл топтар өздеріне тиісті іс-қимылды атқаруға дайын.

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале