24.11.2020, 9:54
Оқылды: 217

Шыбынды – БҚО-ның ең биік нүктесі

Таяуда Шыңғырлау ауданына М.Өтемісов атындағы БҚУ ғалымдары, облыстағы өлкетанушылар келіп, Шыбынды биігінде болды.

EFC606A7-D916-44AA-9FFC-4C59C03D898C

Олардың мақсаты – Шыбынды тауының биіктігін өлшеп, алдағы уақытта осы жаққа туристік-маршрут бағытындағы жоспарлар құру. Өлшем нәтижесінде Шыбынды аймағының абсолютті биіктігі 279 метрді құрады. Сөйтіп, ғалымдар Шыбынды Батыс Қазақстанның ең биік нүктесі екенін анықтады.

Айта кетейік, бұл тау Кеңес дәуірі кезеңінде де, кейінірек те зерттелді. 2005 жылы Орал қаласынан шыққан «Батыс Қазақстан облысының тарихи-мәдени және табиғат мұралары ескерткіштері» атты жинақтың І томының 20-бетінде «...ауданның шығысында Отрадный ауылынан солтүстікке қарай, Ресейдің шекарасына жақын ауданның ең биік нүктесі – Шыбынды тауы орналасқан, оның биіктігі – теңіз  деңгейінен 273 метр» делінген. Осы кітаптың 57-58-беттерінде де бұл тау туралы жазылып, Шыбындының облыс бойынша ең биік нүкте екені баяндалады. Мұндай деректер «Шұғылалы Шыңғырлау» атты аудан энциклопедиясында да жазылған.

Шыбынды тау саналғанымен, тегіс далада еңсе көтерген тауды елестетпейді, бұл – бірте-бірте биіктей беретін алып дөң, жота. Оның үстіне шыққанда барып ең биік жер екені сезіледі, айналаның бәрі көрініп тұрады.

- Бұған дейін облыстағы ең биік тау Тасқала ауданындағы Ешкі тауы деп келген еді. Мұның қате екені ғалымдармен дәлелденіп отыр.  Шыңғырлау ауданының шырайы мен шұрайын арттырар бұл табиғат ескерткіштеріне алдағы уақытта осы мәліметтер жазылған арнайы белгі қою жоспарымызда бар, - деді аудан әкімінің орынбасары Азамат Бисембаев.

Тілеген Қалиев,

Шыңғырлау аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале