1988 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен қолға алынған дәстүрлі шара биыл «Темекі және өкпе аурулары» тақырыбына арналады.
Шылымқорлық – әлемдегі ең зиянды әдеттердің бірі. Қазіргі таңда әлемдегі әр төртінші еркек пен әр жиырмасыншы әйел никотинге тәуелді саналады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен көптеген елдер онымен күресуге бар күшін салып келеді. Өкінішке орай, темекі мен сигара бағасын көтеру, темекі өнімдерін жарнамалауға тыйым салу, тіпті, қоғамдық орындарда шылым шегуді шектеу де әзірге оңды нәтиже бермей тұр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәліметінше, жыл сайын әлемде 7 миллион адам темекі салдарынан көз жұмады. Соның 890 мыңға жуығы - өзгелер шеккен шылымның түтініне уланғандар. Олардың арасында темекі өсіретін елдерде тұратын балалар да бар. Яғни, пассивті шылымқорлық та біз ойлағандай қауіпсіз емес. Ол - жүрек-қан тамыры, жүректің ишемиялық ауруы, өкпе, өңеш, асқазан обыры сынды т.б. аурулардың бірден-бір себепкері.
Шын мәнінде, егер ішкі органдарды жыл сайын тексеріп отыратын болса, мұның алдын алуға болар еді, дейді мамандар. Темекі шегетіндер үшін жүрек пен өкпені тұрақты бақылауда ұстаудың маңызы зор. Оның үстіне, мемлекет халыққа жәрдем ретінде кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетін ұсынады. Аталған пакетке жалпы практика дәрігерінің қабылдауы мен консультациясы, көздің көру қабілеті мен көз қысымын тексеру, қандағы холестерин, глюкоза деңгейін тексеру үшін қан тапсыру, электрокардиограмма, флюорография, спирография сынды қызметтер кіреді. Организмде шылымның салдарынан болып жатқан өзгерістер мен ауытқуларды осы процедуралар арқылы ертерек анықтауға болады.
Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде көрсетілетін кепілдендірілген медициналық көмекті Қазақстанда тұратын әр азамат пайдалана алады. Бюджет қаражаты есебінен көрсетілетін көмек профилактикалық, диагностикалық және емдік қызметтерден тұрады.
2019 жылы Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға республикалық қазынадан 33 млрд. теңге бөлінді, оның 11,8 млрд. теңгесі емханалық-амбулаторлық көмекке бағытталады, негізінен профилактикалық шараларға ден қойылмақ.
Оған қоса, тегін медициналық көмекті мемлекеттік қана емес, жеке меншік клиникалар да көрсетеді. Биыл БҚО бойынша мемлекеттік тапсырысты орындап жатқан 51 медицина ұйымының 15-і – жеке меншік.
«ӘМСҚ» КеАҚ БҚО бойынша
филиалының мәліметінің негізінде