Теректі аудандық мәдениет үйінде 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне орай «Әйелмен әлем сұлу» атты мерекелік концерт өтті.
Салтанатты жиынға аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова, аудандық мәслихат төрағасы Әлжан Нұрғалиев, бөлім басшылары мен теректілік тұрғындар қатысты.
Ең алдымен, аудан әкімі Әлия Биғазықызы көктемдей құлпырған қыздарды, отбасының ұйытқысы, береке-бірліктің шырақшысы ақ жаулықты әжелерді, әр шаңырақтың шаттығын жарастырып отырған асыл аналарды мерекемен құттықтап, жылы лебізін арнады.
Одан соң ауданымыздың дамуына өз үлестерін қосып жүрген нәзік жандыларды алғысхатпен марапаттады. Сонымен, аудан басшысының алғысына ие болғандар қатарында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік қызметкерлері - Сания Абдрахманова мен Нина Юрьева, Приречный ауылдық округінің ветеринарлық фельдшері Ботагөз Агдугашева, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының іс-қағаз жүргізушісі Ұлмекен Адилханова, Теректі ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері - Алтыншаш Альмурзина және Гүлсара Шалашова, білім беру бөлімінің әдіскері Гүлнар Асауова, балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің бас есепшісі Анар Балдакова, «Теректі» спорт клубының кіші қызметкері Қаламқас Исмагулова, Достық үйінің бас есепшісі Алия Нұғманова, «Теректі – Таза су» ЖШС-нің контролер кассирі Құралай Нурушева, аудандық аурухананың жалпы тәжірибелі дәрігері Ақмарал Рахимова, полиция бөлімінің қызметкері Назгүл Саханова, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің статист қызметкері Гүлниса Сеитова, аудандық мәслихаттың бас маманы Асылзада Хайруллина болды.
Марапаттау рәсімі аяқталған соң, мәдени-демалыс орталығының өнерпаздары «Көктем вальсі» әнін орындап, музыкалық қойылым қойды.
Әріптесіміз, «Теректі жаңалығы – Теректинская новь» газетінің редакторы Әділет Орынбасаров «Ана» туралы монолог оқып, залдағы аналардың жүрегін елжіретті.
Әйелдер қауымына ыстық ілтипат көрсетілген кеште мәдениет үйінің өнерпаздарымен қатар, «Өркен» балалар вокалды ансамблі, үлгілі «Жұлдыз» би ансамблі өнерлерін ортаға салды. Ең алғаш рет киелі сахна табалдырығын аттаған «Ақбота» бөбекжайының тәрбиеленушілеріне көрермен шапалағын аямады.
Мерекелік концертте тосынсый да болды. Ескендір Хасанғалиев әндерінің «Атамекен» ән байқауының бас жүлде иегері, әнші, елімізге танымал кино актері Асхат Үрпеков теректіліктерге тамаша көңіл-күй сыйлады.
Сонымен қатар ұлттық нақыштағы заманауи сән үлгілерінің көрсетілімін ұсынған халықаралық деңгейдегі дизайнер Жамилия Утепқалиева мен қазақи этно бағыттағы бас киімдер үлгісі брендінің негізін қалаушы Құндыз Иманғалиева да кештің құрметті қонағы болды.
Мерекелік концерттің нүктесі Елжас Мағзом мен Ислам Мұраттың орындауында «Шын жүректен» әнімен қойылды.
Теректіліктер өте жоғары деңгейде концерт ұйымдастырған өнерпаздарға риза болып, ұзақ уақыт қошемет көрсетті.
Аягөз Айтқалиева,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz