Шыңғырлау аудандық мәслихатының кезекті сессиясы өтті. Сессия жұмысына аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев, аудандық маслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері, аудандық дербес бөлімінің басшылары, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы, аудандық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Сессия жұмысы алдымен бүгін аза тұту күні болғандықтан, бір минут үнсіздікпен басталды.
Аудандық мәслихаттың кезекті сессиясының күн тәртібінде 2022 жылға арналған аудандық бюджетінің атқарылуы жөнінде жылдық есебін бекіту, аудан көлеміндегі барлық ауылдық округ бюджетінің атқарылуы жөнінде жылдық есебін бекіту, «Шыңғырлау ауданында аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау қағидаларын бекіту», «Шыңғырлау ауданының әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту» «Шыңғырлау ауданында мүгедектер қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу тәртібі мен мөлшерін айқындау» туралы шешімдеріне және бірқатар комиссия құрамына өзгерістер енгізу мәселелері қаралды.
Сессия отырысында көтерілген өзекті мәселелер халық қалаулыларының тарапынан қолдау тауып, өз дауыстарын берді.
Жиын соңында аудан басшысы Мұрат Амангелдіұлы аудан депуттарының қоғам дамуына қосып жатқан үлестері үшін алғысын білдіріп, әлі де халықпен етене араласып, мұң-мұқтажын өтеу барысында бірлесіп жұмыстануға шақырды.
Аман Ізмұхан,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz