Биылғы жылдың 25-28 наурыз күндері қар күрт еріп, жаңбыр аралас қар жауды. Шыңғырлау ауданында көктем мезгіліндегі су тасқынының алдын алу шаралары ақпан айы басынан қолға алынып, дайындық жұмыстары жүргізілген болатын. Десе де тосыннан жауған жаңбыр мен қар бірқатар қолайсыздықтар туындатты.
Осы орайда ауданның жауапты мамандары, қажетті техникаларымен, сондай-ақ аудан, ауылдық округтерде күні-түні тұрғындар да көмекке шығып, мәселелерді тез игеріп, қауіптің алдын алды.
Шыңғырлау ауданы Ақшат ауылдық округіне былтырғы жылы көктемгі су тасқынына қарсы ені 2,5 метр, биіктігі- 2 метр, ұзындығы 750 метр болатын су қорғаныш бөгеті (дамбы) шаруашылық тәсілімен салынған болатын. Осы бөгет кешегі су тасқыны уақытында Шыңғырлау өзенінің көтерілуі кезінде ауылды қорғап қалды. Сонымен қатар, көктемгі су тасқыны кезінде 6 техника, су сорғыш құралдар және 1000 жуық қапшықтар қойылды. Соның арқасында ауылға төнген су басу қаупі сейілді.
Гүлжазира Асу,
Шыңғырлау ауданы