Мал қыстату – төрт түлікті қыстан қысылмай алып шығу ғана емес, төл мен мол өнім алудың да маңызды науқаны. Қыс қатал сыншы десек те Шыңғырлау ауданының Ақбұлақ ауылдық округі бойынша аталған жауапты кезеңге барлығы сақадай-сай болып, жем-шөп қоры жеткілікті дайындалды.

Бұл ретте, шаруагерлер қауымын да сынағы көп мұндай қыста өз ісіне ұқыпты қарап, мал басынан шығын бермеуге жұмылдырылуы қажет. Осыған орай, ауылдық округ әкімі Светлана Байтенова Ағатан қыстағында болып, малсақ жандармен жүздесті.

Ақбұлақ ауылдық округі бойынша 4 жерде қыстақта 8644 ірі қара, 4305 қой мен ешкі бағымда тұр. Ақбұлақта, Ағатанда, Аққорада және Қотанталда мал қыстағына қажетті жем-шөп қоры әзірленді. Төрт түлік мал өсірумен айналысатын шаруалар жылдың барлық мезгілінде тыным таппай еңбек ететіні белгілі. Малдың жай-күйін бағамдау мақсатында округ әкімі «Орынбасар», «Батыр», «Құрманғалиев» шаруа қожалықтарының мал қыстағын аралады. Мал қыстату науқанына ерте қамданған шаруашылықта мал азығы жеткілікті. Сондықтан да мал қоңы қалыпты. Әңгіме барысында Жаслан Қабидуллиев «Орынбасар» шаруа қожалығы әкесі Орынбасардың көзі тірісінде құрылғанын және бүгінгі таңда өзі төрағалық жасап отырғанын айтты. Шаруашылықтың 450 га жайылымдық жері бар. «Әке жолын жалғаған азаматтың отбасында жұбайы Толқын екеуі 7 бала тәрбиелеп, оқытып, еңбекке да баулып отырғаны қуантады»,-деп атап өтті округ әкімі С.Байтенова.
Жұмысын 2015 жылы бастаған Ерболат Құрманғалиев жетекшілік ететін «Құрманғалиев» шаруа қожалығы да биылғы қысты ойдағыдай өткізуде. Қорасы сайлы, малының күтімі жақсы, жем-шөп қоры да көңілді бірлейді. 450 гектар жайылымдық жері бар шаруашылық биылғы қыстан аман шығып, мал басынан алынатын төлді де жазға аман жеткізсек деген үміт жетегінде.
Гүлшат Ботанова,
Шыңғырлау ауданы