13.09.2023, 9:30
Оқылды: 158

Шыңғырлау ауданы: мектептер дайын, кадр мәселесі күн тәртібінде тұр

Кезекті жаңа оқу жылы басталды. Осы орайда әдеттегідей аудан мектептерінің қысқы жылыту маусымына, жалпы оқу жылына дайындығы қандай дәрежеде деген сұрақ туындары заңды.

C61694B6-7960-4060-A2AE-C770D8CECDC4

Сурет: pixabay

Шыңғырлау ауданындағы 15 мектеп, сегіз балабақша, үш қосымша білім беру орталығы оқу жылын толыққанды жұмыспен бастап кетті.

Биылғы оқу жылында аудан бойынша 2 095 оқушы білім алады деп жоспарланып, 1 сыныпқа 234 оқушы қабылданды. Бала саны жетіспейтін мектептерге басқа аудандардан жанұялардың көшіп келулеріне байланысты оқушы саны толығып, бұл мәселе де оң шешімін тапқандай. Оқу жылы қарсаңында аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған әр оқушыға 40 567 мың теңге қаражат аударылып, 163 оқушыға 6 млн 612 мың 421 теңгеге көмек берілуі де көңілді бірлейді.  

Сонымен қатар Л.Қылышев атындағы, Ащысай, Тасмола орта мектептері мен Ақсуат негізгі мектебіне 19 млн 702 теңгеге 149 парта, 30 үстел, 37 шкаф, 31 кресло алынып, Ардақ, Амангелді НМ-не де толықтай физика, химия кабинеттеріне 30 млн 794 теңгеге құрал-жабдықтар жаңартылған. Алты орта мектепке 1 млн 500 теңгеге жаңадан дабыл түймесі орнатылуы да жөн болған.  

Қыстың қамын жаз ойла демекші Л.Қылышев, Шыңғырлау орта білім беру мектептеріне 3 млн 875 теңгеге жарық сөнгенде қосылатын автономды 2 генератор орнатылуы да бір біткен шаруа болды.

Сонымен қатар 5 млн 720 мың теңгеге барлық мектептердің насостары жаңартылған. Аудандағы тоғыз мектепке жалпы сомасы 9 млн 333 теңгеге сандық видеокамера орнатылуы ішкі тәртіпті қадағалауға, келеңсіз жәйттардың қайталанбауына септігін тигізері анық.

Сұраныс бойынша Сегізсай мектебіне 690 мың теңгеге жаңадан құдық қазылып, мектепке су жүргізілді.

«Мектептердің техникалық базасындағы мәселелерді шешу күн тәртібінен түспек емес. Осы орайда кадр тапшылығын айналып өтуге болмас. Аудан мектептеріндегі кадрларға деген зәрулік мәселесін шешу үшін ізденіс үстінде болғанымызбен, мұғалімдер жетіспеушілігі әзірге мәселе болып қалып отыр. Айталық, қазіргі жаңа оқу жылында А.Тихоненко, Ақтау, Қуағаш, Шыңғырлау, Тасмола, Л.Қылышев, Сегізсай орта және негізгі білім беретін мектептеріне бастауыш сынып, педагог-дефектолог, орыс тілі мен әдебиеті, математика, химия-биология пәндерінен мұғалімдер қажет болса, аудандық саз мектебіне сольфеджио, баян, фортепиано класына оқытушылар жетіспей отыр. 

Әйтсе де осы жетіспей тұрған мұғалімдердің орнын зейнет жасында отырған тәжірибелі ұстаздармен толықтырып, зәрулік мәселесін шешуге тура келуде. Десек те бұл мәселе күн тәртібінен түспейтінін баса айтқымыз келеді. Сол себепті де аудан мектептеріне мұғалімдер қажет деген сұранысты естіп ертелі-кеш келем деушілер болса білім ошақтарының есігі әрдайым ашық екендігін еске салғымыз келеді», - дейді аудандық білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Есенов.

Жаңа оқу жылын осылайша барша білім ордалары бастап та кетті. Ұстаздарға ізденіс мен талпыныс тілейміз. Ал аудандық білім беру бөлімі туындап отырған мәселелерді шешуде бар мүмкіндікті пайдаланады деп сенеміз.

Гүлшат Ибрагимқызы

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале