12.06.2024, 21:00
Оқылды: 173

Шыңғырлау ауданы: тынымсыз еңбек – табиғи таза өнім кепілі

Кез-келген өңірдің экономикасының өркендеуінің арғы жағында қарапайым тұрғындардың еңбегі, кәсіпкерлік қабілеті, бел жазбай еткен еңбегі жатыр. Ал, еткен еңбекке қолдау көрсету, жағдай жасау, кәсіпкерлікке мейлінше мүмкіндік беру жергілікті атқарушы орындардың тікелей міндеті.

441901964_1883933578685068_6497081020405938732_n

Шыңғырлау жерінің топырағы майлы, ой-қырының құнарлы екені көкорай реңі күзге дейін тарамай тұратын көркінен белгілі. Осындай «ағаш ексең арба өсіп шығатын» Елек өзені жағалауы бойы, ел ішінде «Монашка» аталып кеткен алқаптан аудан тұрғыны Рудь Петр жер телімін алып, бау-бақша өсіріп келеді. Бұл кәсіппен айналысқанына 7 жылдай уақыт болған, бүгінде құнды тәжірибе жинақтаған, кірісі мен шығысын, еккені мен шығымын сауатты есептейтін кәнігі диханға айналған.

Аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев осы шаруашылыққа арнайы барып, жұмысымен танысты. Кәсіпкер суармалы диқаншылықты қолға алған. Елек өзенінен насоспен су тартып, оны қолдан жасалған бассейнге құйып, тұндырып, жиналған таза суды бақшасына құяды. Әрбір егілген көшеттің түбіне тамшылатып суғару әдісімен су келіп тұр. Түтіктер бітеліп қалмас үшін суды арнайы сүзгіден өткізіп барып құяды. Шаруашылық басында өз қолымен жасаған үлкен тазалау сүзгісі және сатып алынған 2 кішкене сүзгілер тоқтаусыз жұмыс жасап тұр.

441903634_1883933635351729_2118798425922686212_n

Бақша басында егу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Биылғы су тасқыны шаруашылықтың жұмысын біраз кідіртсе де, әлі де үлгеруге болатынын айтады дихан. Қазіргі таңда ерте, кеш пісетін қияр түрлерін, қызанақ, қызыл және сары қарбыз, қауын, асқабақ, жүгері, картоп егіліпті. Кәсіптің ерекшелігі - бау-бақша еш химикатсыз өсіріледі. Кәдімгі тың жерге түрен салып, тұмса топыраққа түскен тұқым, екпелер тез көктеп, нәрлі жемісін береді екен. Осыны тәжірибеге алған дихан бау-бақша өсіретін жерді де жиі ауыстырады. Есесіне, ешқандай химиялық қоспаларсыз пайдаланылған жерге тез- ақ шөп өсіп, тез қалпына келеді және қайта егуге де жылдам дайын болады екен.

448098516_1883933705351722_2853748540474055790_n

- Биылғы жылға, бұйырса, қарбыз да, қауын да мол болады, - дейді дихан. Қияр да өтімді, күнделікті жинағанның бәрі күнде өтіп кетіп жатады, қазір халық бұрынғыдай бәрі бірдей бау-бақша екпейтін болды. Сондықтан, біздің өнімге сұраныс әрқашан жоғары. Оған ешбір қоспасыз, химиясыз өсіруіміз де себеп боп отыр.

441910666_1883933695351723_516614066149006541_n

Тамшылап суару әдісі, сондай-ақ, көшеттер қатарын жылтыр (целлофан) қағазбен жабу аса тиімді, суды нақты керек әр көшеттің түбіне тамшылатып жіберу, әрі ылғалды үзбеуге үлкен сеп. Тамшылап сіңген су көшеттің айналасын 40 см-ге дейін ылғалдап, жерге жапсыра төселген жабынды қағаз суды кеуіп кетуден сақтайды.

Дихан дәннен жаңа өскіндер өсіріп, дайын көшеттерді (рассада) егіп жатыр. Бұл іске әзірге отбасы мүшелерін тартыпты. Қазір бақша басында жұбайы, енесі, өз анасы егу жұмыстарын жасап жатыр. Кейін бақша пісіп, көкөніс жинайтын кезде күнделікті 3- 5 мың теңге еібекақысымен жас жұмысшылар жалдайды. Бұл жұмыстарға үлкен кісілердің белі жарымай, денсаулығы, күші келмей жатады, сондықтан жұмыс күшінің дені жастар болады екен.

Дәнді Алматы арқылы Голландия сорттарынан алдырып отыр. F1 санатты дәндер ең түсімі көп элиталық сорттарға жатады екен, құны да қымбат. Жыл сайын тек тұқымға ғана 500 мыңнан аса қаржы жұмсалады екен. Биылға шаруашылық 4 мың дана қарбыз, 3 мың түп қауын, 5 мың дана жүгері, 5 мың дана қызанақ тұқымы, қияр 5 мың дана және осынша асқабақ тұқымын алдырған.

Дихан химиялық тыңайтқыштардан бас тартқан, табиғи жолмен өнген көкөніс денсаулыққа пайдалы екені айтпаса да түсінікті. Мүны білетіндерден сұраныс та көп болады екен.

448099346_1883933668685059_3943412621620948438_n

Кәсіпкер жер телімін уақытша беріп отырған Әлібек Талдыбаевқа, жерді жыртуға техникамен көмектескені үшін аудандық Жануарлар дүниесін қорғау және орман шаруашылығы мекемесіне алғысын білдіріп отыр. Сондай-ақ алдағы уақытта кәсіп көлемін ұлғайту, жылыжай салу, техника алу жоспарында бар екенін атап өтті.

Қаршыға Елемесов,

Шыңғырлау ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале