Шыңғырлау ауданында құс шарушылығын дамытуды көздеген португалиялық инвесторлар ауданымыздың құс шаруашылығына инвестиция салмақ. Ең алдымен Португалия мемлекетінен келген кәсіпкерлер мен аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова, мекеме-бөлім басшылары «Нұр Отан» ғимаратының мәжіліс залында бас қосып, болашақ жобаны талқылады.
Шетелдік делегация құрамын бастап келген «Телебэлл» компаниясының өкілі Маурисио Сигалло және Қазақстан Республикасының Португалия еліндегі Гимарайнш қаласындағы елшісі, «РезюмесФерико» компаниясының басшысы Джил Виейро, «Ай Эм Си Ай плюс» компаниясының Вице-Президенті Педро Брито мен «Eterna Law Kazakhstan» компаниясының өкілі, заңгер К.Дербышев, Қазақстан мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының жетекшісі Е.Мұратов өңірімізде жоспарлаған құс шаруашылығының жобасымен таныстырып, құс шаруашылығына арналған 12 кешенмен қоса, тауықтың арнайы жем-суын өндіретін өндіріс орнын салуды мақсат тұтқанын жеткізді.
Маурисио Сигалло өз тарапынан құс шаруашылығына қолайлы орынның орналасуын, оған электр желісінің жеткізілуі, көгілдір отынмен қамтамасыз етілуін сұрады. Оның айтуынша жоба толығымен жүзеге асқан жағдайда ауданымызда қосымша 900 жұмыс орны ашылады екен. Жиын соңынан кейін шетелдік қонақтар құс фермасын салуға қолайлы деген орындарды аралады.
Алдағы уақытта жоба іске асқан жағдайда ауданға Португалия мемлекетінен келген инвесторлармен жүргізілген келіссөздер өз жемісін береді дегенге сеніміміз мол. Португалиялық инвесторлар Шыңғырлау ауданындағы кәсіпкерліктің мүмкіндігі үлкен екендігіне көз жеткізгендей болды. Мұндай келіссөздердің арқасында жергілікті халыққа тұрақты жұмыс орындары ашылып, ауданның дамуына оң нәтижесін бермек.
Аман Ізмұхан,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz