Биыл Шыңғырлау ауданының Ақбұлақ ауылдық округіне – 70 жыл. Көркем табиғатымен, еңбекқор халқымен, берік бірлігімен ерекшеленетін Ақбұлақ ауылының 70 жылдығы ұлан-асыр той болып, атап өтілді.
Әркез алдыңғы қатарда дамып, күн санап ілгері жылжып, өркендеп келе жатқан ауылдың мерейтойына келген жанашыр жерлестерін, осы ауылда кіндік қаны тамған жандарды Ақбұлақ құшақ жая қарсы алды. Ең алдымен қуанышты бөлісе келген қонақтар ауылдың мәдениет үйінде бас қосып, ауыл әкімі Светлана Байтенова қош келдіңіз сөзін арнап, ауылдың тыныс-тіршілігін баяндап берді. Сондай-ақ алыстан ат терлетіп келген сыйлы қонақтар да өз жылы лебіздерін білдіріп жатты. Ақбұлақ ауылының жетістіктерінен, көрнекіліктерінен, тарихынан сыр шертетін көрме де келгендердің назарын аудартып, ерекше сезім сыйлады.
Кейін мереке қарсаңында ауыл төріндей бой көтерген жаңа нысандардың тұсауы кесіліп, ашылу рәсімдері өткізілді.
Осындай салтанатты шаралардың жалғасы «Аяулы Ақбұлағым!» атты мерекелік шараға ұласты. Шараның шымылдығы Сансызбай Сұлтанғалиевтің орындауындағы «Аяулы Ақбұлағым» әнінің тұсаукесерімен ашылып, марапаттау рәсіміне жалғасты. Шыңғырлау ауданы әкімі Мұрат Өмірәлиев ауыл тұрғындарын мерейтоймен құттықтап, ақжарма тілегін арнады. Кейін ауылдың өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан жандарға «70 жыл – Ақбұлақ ауылы» мерекелік медалі мен алғысхаттар табысталды. Осы шарада Тасмола мектебіне Кеңес Өтесінов атындағы шәкіртақы сертификаты, еңбегі елеулі ауыл азаматтарына Алашбай Аймурзиев атындағы ақшалай сертификаттары тарту етілді.
Мерекелік шарадан соң халық ауыл сыртында тігілген 8 киіз үйден дәм татып, Ақбұлақтың қонақжайлығымен танысты. Кейін «Дала қызықтары» ойындарын тамашалады.
Атап айтсақ «Гір көтеру», «Асық ату», «Арқан тартыс», «Қозы көтеру», «Қой көтеру», «Бөренеге өрмелеу», «Қол күрес» спорттық сайыстарында ауыл тұрғындары, қонақтары сынға түсті.
Сондай-ақ осы тойдың ең тартысты додасы – «Тай бәйге», «Топ бәйге», «Аламан бәйге» болды. Барлық спорттық шаралардың жүлдегерлері марапатталып, мереке қорытындыланды.
Осылайша бірлігі бекем, табиғаты көркем, тұрғындары еңбекқор, тарихы терең Ақбұлақ ауылының 70 жыл мерейтойы дүркіретіп атап өтілді.
Гүлжазира Асу,
Шыңғырлау ауданы