Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қ.Айтмұхамбетовтың төрағалығымен және аудан әкімі М.Өмірәлиевтің қатысуымен Шыңғырлау ауданында ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдерімен кеңейтілген кездесу өтті.

Кеңес барысында 2025 жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, 2026 жылға арналған негізгі міндеттер мен басым бағыттар айқындалды. Атап айтқанда, агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау шаралары, субсидиялау тетіктері және жеңілдетілген несиелеу мүмкіндіктері жан-жақты түсіндірілді.

Сонымен қатар, салық заңнамасындағы өзгерістерге ерекше назар аударылып, олардың ауыл шаруашылығы субъектілеріне әсері бойынша нақты ақпарат берілді. Бұл өз кезегінде шаруалардың алдағы жұмысын тиімді жоспарлауына мүмкіндік береді.

Кездесу ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар өзекті мәселелерін көтеріп, сала мамандарынан толыққанды жауап алды. Әсіресе, қаржыландыру, мал шаруашылығын дамыту және мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мәселелері кеңінен талқыланды.

Жиын соңында ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ өңірлік филиалының директоры және өзге де сала мамандары қатысушыларды жеке қабылдап, қойылған сұрақтарға жауап берді.
Нұрғали Төлегенов,
Шыңғырлау ауданы