Кеше Шыңғырлау ауданы Ащысай ауылдық округіне қарасты Талдысай ауылында ұлттық ат спорты ұлықталды.
Дүбірлі доданың өтуіне, бәйгенің жүлде қорына қаржылай қолдау көрсеткен атымтай жомарт азаматтар Туромов Болат Шамғонұлы мен Искалиев Ерталап Болатұлының орны бөлек.
Доданы көзбен көріп, керемет әсер алып, рухымыз бір көтеріліп қайтты.
Бәйге түрлерінен "Топ бәйге" 9 шақырым, "Аламан бәйге" 18 шақырымға ұйымдастырылып, шағын елді мекенге облысымыздың аудандарынан 35-ке жуық атбегі бақтарын сынап, сәйгүліктерін жарыс жолына шығарды.
Жарыс болғасын бағы мен бабы қатар шапқан, шабандоз бен сәйгүліктер жеңіс тұғырынан көрінді.
Топ бәйгеде Нұрболат Жириншевтің "Бұйражал" атты сәйгүлігі, шабандозы Ильяс ( Бөрлі ауданы, Достық ауылы) бірінші (120 мың теңге ) келді. Мәреге екінші болып (80 мың теңге) Рустем Шайхиевтің "Шалиси" атты сәйгүлігі келді. Шабандозы - Әли (Орал қаласы). Ал Жолай Бекболаттың "Ұшар" атты сәйгүлігі үшінші (50 мың теңге) келді. Шабандозы - Рафик (Бөрлі ауданы, Қызылтал ауылы).
Аламан бәйгеде Хамзин Дәуреннің "Шұғыла" атты сәйгүлігі (жүлдеге жабағы) келді. Шабандозы - Сәкен (Сырым ауданы, Көздіқара ауылы).
Жириншев Нұрболаттың "Жабақан" атты сәйгүлігі екінші (100 мың теңге) орынға ие болды. Шабандозы - Илияс ( Бөрлі ауданы, Достық ауылы). Ал Нұрқанат Амировтың "Тоқтамыс" атты сәйгүлігі мәреге (50 мың теңге) үшінші жетті. Шабандозы - Ерқанат ( Ақжайық ауданы, Тайпақ ауылы).
Бекболат Файзуллин,
Шыңғырлау спорт клубының
ұлттық спорт түрлерінен нұсқаушы әдіскері