Шыңғырлау ауданында тұрғындардың мәселелерін тыңдап, олардың ұсыныс-пікірлерін назарға алу мақсатында қоғамдық қабылдау өтті. Іс-шара барысында аудан әкімінің міндетін атқарушы Миржан Нұртазиев және мекеме басшылары азаматтарды жеке қабылдап, көтерілген мәселелер бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Қабылдау барысында тұрғындар тұрғын үймен қамтамасыз ету, әлеуметтік көмек алу, жұмыспен қамту және коммуналдық қызметтердің сапасына қатысты сауалдарын қойды. Әрбір өтініш жан-жақты қаралып, тиісті сала мамандары нақты жауаптар берді.
Кейбір мәселелер қабылдау барысында оң шешімін тапса, қосымша зерделеуді қажет ететін өтініштер бақылауға алынып, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктелді.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Миржан Нұртазиев мұндай кездесулердің халықпен ашық әрі тиімді байланыс орнатуда маңызы зор екенін атап өтті.
— "Халықтың талап-тілегін тыңдап, әр мәселені заң аясында шешу — біздің басты міндетіміз. Тұрғындардың өтініштері назардан тыс қалмайды. Әрбір көтерілген мәселе бойынша нақты жұмыстар жүргізілетін болады", — деді Миржан Жанғазыұлы.

Қоғамдық қабылдау тұрғындар мен билік арасындағы өзара байланысты нығайтып, өзекті мәселелерді дер кезінде шешуге мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналуда.
Сара Шакрат,
Шыңғырлау ауданы