Ел өміріндегі маңызды саяси науқан – Құрылтай сайлауы Шыңғырлау ауданында ұйымдасқан түрде өтіп, аудан бойынша жұмыс істеген 19 сайлау учаскесі белгіленген уақытқа дейін өз міндетін атқарды. Дауыс беру үдерісі сағат 20:00-де заң талаптарына сәйкес аяқталды.

Сайлау күні учаскелерде азаматтардың өз таңдауын еркін әрі кедергісіз жасауына барлық қажетті жағдай қарастырылды. Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасау мақсатында арнайы дауыс беру кабиналары жұмыс істеді. Бұл кабиналар азаматтардың сайлау құқығын толық жүзеге асыруына мүмкіндік беріп, үдерістің қолжетімді әрі ашық өтуіне ықпал етті.

Таңертеңнен бастап сайлаушылар учаскелерге белсенді түрде келіп, өздерінің азаматтық міндеттерін орындады. №422 сайлау учаскесінің төрағасы Аслан Тағаниязов сайлау барысына оң баға беріп, жұмыстың заң талаптарына сай ұйымдастырылғанын атап өтті:
– Сайлау учаскесі өз жұмысын белгіленген уақытта, сағат 20:00-де заң талаптарына сәйкес аяқтады. Сайлау барысында ешқандай заңбұзушылық орын алған жоқ. Сайлаушылардың белсенділігі жақсы болды. Тұрғындар өздерінің азаматтық таңдауын жасауға жауапкершілікпен қарады, – деді ол.

Сайлау күні қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік толық қамтамасыз етіліп, тұрғындардың белсенділігі мен азаматтық ұстанымы аудан халқының қоғамдық өмірге бейжай қарамайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Светлана Байтенова,
Шыңғырлау ауданы