Шыңғырлауда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай «Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты салтанатты шара өткізілді. Шарада аудан үшін аянбай қызмет етіп, еңбегімен көзге түскен мамандар марапатталды.
Салтанатты шараны аудан әкімі Әлия Биғазықызы құттықтау сөзімен бастап, барша қауымды Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығына сәйкес Ғайнаден Жакиев «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталса, Шыңғырлау аудандық мемлекеттік архивінің бастығы Надежда Хрипченко Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Одан соң ауданның экономикалық және әлеуметтік дамуына өз үлестерін қосып жүрген қызметкерлер аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Марапатталған жандар арасында медицина, полиция, шекара, төтенше жағдайлар бөлімінің мамандарынан бастап, заңгерлер, оқытушылар, кітапхана қызметкерлері де бар.
Айбарша Лекерова,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz